Шетел саясаткерлерінің ҚР зертханалары жайлы мәлімдемесі негізсіз — Ақылбек Күрішбаев

0 21

Шетел саясаткерлерінің Қазақстанның зертханалары шет мемлекеттердің бақылауымен әскери-биологиялық қызметпен айналыса алады деген мәлімдемесі мүлдем негізсіз. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің BSL-3 деңгейіндегі биологиялық зертханаларымыздың жұмысына қатысты тиісті түсініктемелер бергім келеді. Біріншіден, олар 2-ші және 3-ші топтағы аса қауіпті патогенді микроорганизмдерге қарсы диагностикалық және профилактикалық препараттарды әзірлеумен айналысады, яғни өлім-жітім деңгейі жоғары 1-ші топтағы аса қауіпті вирустар мұнда анықталмайды. Екіншіден, бұл зертханалар Қазақстан Республикасына тиесілі және өзекті экономикалық мәселелерді шешу үшін республикалық бюджеттен толық қаржыландырылады.

Олар шетелден гранттар алмайды және де мұнда шетелдік ғалымдар жұмыс істемейді, басқаша айтқанда, зертханаларымыз өз қызметінде шет мемлекеттерге есеп бермейді», — деді А. Күрішбаев биологиялық қауіпсіздікке қатысты құжатты талқылау кезінде. Осы орайда ол аталған зертханалар құпия не жабық нысандар болып саналмайтынын, олардың жұмысы ашық және кез келген уақытта халықаралық сарапшылардың тексеруінен өту мүмкіндігі бар екенін атап өтті. «BSL-3 ғылыми зертханаларының құрылысын қазақстандық мамандар Үкіметтің толық бақылауымен жүргізді. АҚШ сарапшыларын біз ғылымның соңғы жетістіктері мен озық тәжірибені ескере отырып, осы зертханалардың биоқауіпсіздігіне кепілдік беру үшін ғана тарттық. Қазақстан бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруға тыйым салу жөніндегі Конвенцияның жауапты қатысушысы болып отыр.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы саладағы бірқатар маңызды бастамалар тиесілі. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды», — деді сенатор. «Бүгін Сенатта талқыланған осы заң жобасында Қазақстанда бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар жасау, өндіру және олардың қорларын жинақтау мақсатында патогенді биологиялық агенттердің айналысына тыйым салынатыны тағы да айтылады. Осыған байланысты, шетелдік саясаткерлердің Қазақстанның аталмыш зертханалары шет мемлекеттердің бақылауымен әскери-биологиялық қызметпен айналыса алады деген мәлімдемесі мүлдем негізсіз екендігін атап өткім келеді», — деді Ақылбек Күрішбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Заңы қабылданды .

Leave A Reply

Your email address will not be published.