Астық тұқымдасына жататын бір жылдық дақылдардың бірі – жүгері. Биыл ауданда 1860 гектарға астық тұқымдасы егіліп, шаруалар техника мен саймандарын сайлап, ору жұмыстарына әзірленуде. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Лаурат Амановтың айтуынша, өңірде биыл жүгерінің 7 сұрпы орналастырылған.
– Ылғалдылығы төмен жоғары өнімге қол жеткізу үшін басты шарттың бірі – ол тұқымды қолайлы уақытта себу. Шаруалар жүгері дақылын сәуір айының басында ерте егіп бастаған. Ылғалдылық туралы тағы бір айтатыны – қисынды әдістеме қолдану қажет, яғни бір топта пісетін кез келген селекциялар будандарын салыстыру керек Сонда қай будандардың ылғалды сақтайтыны немесе жіберетіні анық болады. Ылғалдылығы төмен жүгері дәнін алу үшін ұсынылған егістік жиілігін сақтап, көп мөлшерде азот тыңайтқыштарын қолданбау, сапалы жүгері дәнінің қалыптасуы үшін фосфор және калий тыңайтқыштарын салу маңызды. Бүгінде аудан алқабына долар, тұлпар, пионер, симаями, марко-419, гидро, нкатермо сұрпы егілді. Жоспарымыз бойынша әр гектардан 5-6 тоннадан өнім аламыз. Кешеуіл пісетін жүгері будандарын 25 тамызға таман суарып бітіру маңызды болып табылады. Аталмыш технологияны сақтаған жағдайда жоғары қоректілік құндылығы бар сапалы дән алуға болады, – дейді Лаурат Темірғалиұлы.
Расымен астық дақылының егістік алқабы жайнап тұр. Өрнек ауылдық округіне қарасты 10 гектар алқапқа «Аян» шаруа қожалығының басшысы Самат Құрмантаев жүгері орналастырған. Бұл туралы округ әкімі Қанат Темешбаев:
– Жер-анаға терін тегіп, күндіз-түні өнімге көзінің қарашығындай қараған шаруашылық басшысының жұмысы халықтың көз алдында. Бұдан бөлек 6 гектар арпасы мен 2 гектар қарбыз алқабынан мол өнім алды. Жұмысы тиянақты азамат кез келген межені бағындыра алады. Енді ору жұмыстарын қызу дайындық үстінде, – дейді ауыл әкімі.