Шерхан Мұртазаның туған күніне орай айтыс ұйымдастырылды

0 21

Кесек суреткер, кемел қайраткер жазушының 90 жылдық мерейтойы Шерағаңның өзі туып-өскен Талапты ауылында күні бүгін бастау алып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Шераға тойының шымылдығы «Шынның жүзі – Шераға» атты жас ақындар арасындағы мүшәйрамен түрілді.
«Шынның жүзі – Шераға» атты жас ақындар арасындағы мүшәйра Талапты ауылдық клубының ауласында ашық аспанның астында ұйымдастырылды. Онда Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арнайы баннер әзірленіп, сахнаға ілінген. Оның екі жанын жазушының даналық нақыл сөздері жазылған. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның шығармашылығына арналған кітап көрмесі және авторлық дүниелердің үлкейтілген макеттері де рухани іс-шараға келушілердің назарын өзіне аудартқаны анық.
Ұлт қайраткері Ш.Мұртазаның мерейтойына арналған жас ақындар мүшәйрасына облыс аудандарына барлығы 23 үміткер қатысып, бақ сынады. Жыр жарысының талабына сәйкес, жас ақындар Шерхан Мұртазаны жырға қосып, оның қаламгерлік һәм қайраткерлік қырларын, ұлтқа, қазақ руханияты мен әдебиетіне және көсемсөздің дамуына сіңірген еңбектерін қара өлеңнің тілімен сөйлете білді.
Мүшәйраның салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған рухани, әдеби-мәдени іс-шаралардың барысына тоқталып, оның ішінде, аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияға Ш.Мұртазаның есімі берілгенін, онымен қоса, жақын күндері қаламгердің «Ай мен Айша» атты шығармасының желісі негізінде драманың тұсаукесері және айтыс ақындары арасында үлкен деңгейде айтыс өтетінін жеткізіп, жыр жарысын тамашалауға жиналған барша қауымды ұлт руханиятындағы өзіндік орны бар ұлы тұлға – Шерхан Мұртазаның 90 жылдығымен құттықтады.
Жас ақындар арасындағы жыр жарысы қазылар алқасы тарапынан әділ бағаланып, нәтижесінде, «Шынның жүзі – Шераға» атты облыстық мүшәйраның бірінші орнын облыстың орталығы Тараз қаласының атынан қатысып, «Қаратаудың қойнауынан сыр шертті, Алатаудың биігіне жеткен із немесе «Шерхан ата қазақ деген халықтың, Сертке ұстаған ақ семсері секілді» деп жырлаған жас ақын Аят Бәтей жеңіп алды. Ал жыр жарысының ІІ орны Жуалы ауданының үкілі үміті, кейінгі жылдары жазба ақындықпен қатар халқымыздың ежелгі синкреттік өнері саналатын айтысқа құлаш сермеп жүрген нұрлыкенттік жас ақын Санжар Даярбекке берілді. Үшінші орынның екі бірдей жүлдесіне Талас ауданынан келген үміткер Айсұлу Жүнісбек пен Байзақ ауданының атынан қатысқан Нұрбек Шыңғысбай иелік етті. «Жас қалам» және «Поэзияға адалдығы үшін» деп аталатын екі номинацияға жамбылдық Алина Айдаралы және байзақтық Бексұлтан Қоштаевқа берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.