Тұрар Рысқұлов ауданында Халықаралық «Қарттар күні» мерекесі кеңінен аталып өтті

0 50

Т.Рысқұлов ауданында Халықаралық «Қарттар күні» мерекесі кеңінен аталып өтті. 

Қазіргі таңда біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы. Саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға- апаларымыздың төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына, үлгі-өнеге.

    Ең алдымен аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев 82 жастағы Танекеев Төлепбек Оразымбетұлын арнайы барып құттықтап, сый-сыяпаттар табыс етті. Қарақыстақ ауылдық округінің тұрғыны, «Путь коммунизма» колхозында ұзақ жылдар бойы малшы болған Төлепбек ақсақал 30 немере, 12 шөберенің атасы. Табанды еңбегімен елдің қадірменді қариясына айналған ақсақал бүгінгі және кейінгі ұрпаққа өрісті өнеге екендігі ақиқат.

    Сонымен қатар осы күні аудан орталығында спорттық-сауықтыру кешенінде «Спорт – денсаулық кепілі» ұранымен мерекеге орай ақсақалдар арасында аудандық спартакиада өтті. ҚР Президентінің бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жолдау талаптарын іске асыру, ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара гір тасын көтеру, үстел теннисі, садақ ату, қол күресі, дартс секілді 5 спорт түрінен өтті. Спартакиаданың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев қатысып, ауданның барша қарияларын мерейлі мерекелерімен құттықтады.

   Бұл мереке аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлергне көп қамқорлық көрсететін күн. Осы орайда Құлан ауылындағы аудандық «Элай-Құлан» мүгедектер қоғамдық бірлестігінде «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.

     Қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған күндізгі бөлімдегі жартылай стационарлық оңалту орталығына аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов арнайы барып құттықтап, қарияларға аудан әкімдігі тарапынан сыйлықтар табыс етті.

Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, мерекенің шырайын келтірді. Зор құрметке ие болған қарттар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.