Киелі Тараз ежелден Ұлы Жібек жолындағы қолөнер және сауда орталықтарының бірі болған. Қазақ халқының мұрасындағы өнердің бір түрі – қолданбалы өнер. Күнделікті өмірде қыш ыдыстар өндірісі, шыны құю, тоқу және киіз жасау, жібек шаруашылығын дамыту және зергерлік бұйымдар өндірісі болды. Бұйымдар жасауда шеберлер үлкен шығармашылық мұра қалдырып отырған.
Бүгінгі таңда, осындай орасан зор туристік және қолөнершілік әлеуеті бар, тасын түртсе тарихы көрінетін Тараз шаһары «Қазақстандағы тарихи туризм орталығы» мәртебесіне лайықты түрде ие болып отыр.
Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгізу мақсатында, ағымдағы жылдың 30 шілдесі мен 1 тамызы аралығында қаламызға Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің 3 сарапшысы келіп, Тараз қаласының қолөнершілік және туристік потенциалымен танысты.
Ағымдағы жылдың 1 қазанында Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің өкілдерімен, Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізу рәсімі өткізілді.
Осылайша Киелі Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары мәртебесіне лайықты түрде ие болып, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы статусын алып отыр.
Айта кетейік, еліміздің бүгінгі күнге дейін бірде-бір қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізілмеген еді.