Бүгінде Жамбыл облысының жалпы жер қоры 14 426,4 мың гектарды құраса, оның 65 пайызы, яғни, 9 миллион 406 мың гектары жайылымдық жерлер. Ал, осы жайылымдық жерлерді пайдалануда тиісті талаптар қаншалықты сақталып отыр? Бірқатар аймақтарда мал басына шаққанда жайылымдық жерлердің тапшылығының туындауына не себеп? Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында осы және өзге де сауалдарға жауаптар беріліп, кездесіп отырған мәселелер талқыланды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов баяндама жасады. Ол жалпы жайылымдық жерлерге жүргізілген талдау қорытындысына тоқталып, «Жайылымдар туралы» Заңының талаптары мен нормаларының орындалмай отырғандығын тілге тиек етті.
Басқарма басшысының айтуынша, бекітілген жайылымдар жүктемесі нормаларының сақталмауынан елді мекендер маңындағы жайылымдардың тозу үрдісі мен мал басына шаққандағы жетіспеушілігі туындап отыр. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының ауласындағы мал басына қажет жайылымдар көлемі 3 миллион 600 мыңнан аса гектарды құрап отыр. Алайда, бірде-бір мал басы жоқ болғанымен өз иелігінде айтарлық жайылымдық жерлерді ұстап отырған агро құрылымдар бар екен. Ондай агро құрылымдардың саны – 5574. Оларда барлығы 1 миллион 700 мыңнан аса гектар жайылым алқап тіркелген. Бұл деректер аталмыш басқарманың монитринг жұмыстарының нәтижесінде анықталған. Басқарма басшысы мал басы мен иелігіндегі жайылымдық жерлерінің аумағы сәйкеспейтін шаруа қожалықтардың да бар екенін ашып айтты.
Облыс әкімі пайдаланусыз жатқан жайылымдық жерлерді қолданыстағы заңнама аясында мемлекет меншігіне қайтару және қайта іске қосудың маңыздылығын баса айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Ол бойынша атқарылатын жұмыстардың жүйелі кестесін түзіп, жоспарын бекіту үшін тиісті тұлғаларға он күн уақыт берді.
Бұл шараларға аудан, ауыл басшылықтарын да барынша тарту қажеттілігі айтылды.
Асқар Исабекұлы нормаға сәйкес өңірдегі барлық елді мекендердің қайта есептеу мен саралаудан өткізу керектігін баса айтты. Сонымен қатар, жайылымдық жерлерді күтіп ұстау, ондағы жалға алушылардың міндеттелемері бойынша талдау шараларын жүргізудің қажеттілігіне көңіл бөлді. Өңір басшысы нормативтерді облыс деңгейінде қайта қарауды, ол бойынша аудандардың ерекшеліктерін ескерудің маңыздылығын жеткізді.
Сондай-ақ, орман қорындағы жайылымдық жерлердің нақты көрсеткішін анықтауды, оны тиімді пайдалана отырып, қажеттілікті барынша табиғи жайылымдар есебінен шешу керектігін баса айтты. Бұл бағытта тиісті салалық басқармалар ортақ мақсатқа ойыса, жұмылған жұдырықтай жұмыс істеуге міндеттелді.