Жамбылда жаңа оқу жылында 442 мектепке 240 мыңнан аса оқушы барады

0 15

Жамбылда жаңа оқу жылында 442 мектепке 240 мыңнан аса оқушы барады. Жаңа оқу жылында 1 сыныпқа болжаммен 22 327 оқушы келеді деп күтілуде. Бүгінде 21 603 (97%) бала қабылданды. Ал ұстаздардың 98,6%-ы короновирусқа қарсы екпе салдырды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмиля Бекбатырова айтты, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Сондай-ақ, Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Ускумбаева да қатысып, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының жүргізілу барысына тоқталды.

Департамент басшысының сөзінше, білім ошақтарының барлығы «Ashyq» жүйесі арқылы жұмыс істейді. Ал шектеулерді сақтай отырып, балабақшаларда 20-25 балаға дейінгі топтарда штаттық режимде жұмыс істеуге болады. Өз кезегінде мектептердің барлық 1-11 сынып оқушыларына қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып дәстүрлі оқыту форматын жүргізу, сонымен қатар колледждер мен ЖОО студенттері де осы форматта оқыту ұсынылатын болады.

«1 қыркүйекте болатын салтанатты іс-шара мектеп аумағында 1 сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Оларға салтанатты түрде алғашқы оқулығы «Әліппе» табысталады. 2-11 сынып оқушылары тікелей бекітілген кабинетке барып, тақырыптық сынып сағатына қатысады. Сабақтың ұзақтығы 45 минут болып, күнделікті бағалау жүйесі әрі қарай жалғаса береді», — деді Д.Ускембаева.

Білім басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша, 2022-2023 оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 3,1 млрд. теңге қаржы бөлінген.

«Жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен 100% қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Бүгінгі күні оқулықтарды баспадан тасымалдау жұмыстары басталды. 15 тамызға дейін аяқталады деп күтілуде. Ал облыс мектептері оқу үдерісінде пайдаланатын жұмыс қалпындағы 52 797 дана компьютермен жабдықталған», — деді Ж.Бекбатырова.

Брифингте мектептер мәселесі де айтылды. Облыста 3 апатты, 6 үш ауысымды, 6 орын тапшылығы бар мектептер бар. Осы жылы облыста 10 жаңа мектепті пайдалануға беріледі деп күтілуде. Oның ішінде құрылыс есебінен — 8, жекеменшік мектептер ашу есебінен — 2.

Leave A Reply

Your email address will not be published.