Елдегі инвестициялық ахуал, жобаларды іске асырудың перспективалары, тиімділікті арттыруға бағытталған инвестицияларды тарту бойынша «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаевпен эксклюзивті сұхбатта.
— Алдымен, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және шетел инвесторлары үшін мемлекеттік қолдау шаралары туралы айта кетсеңіз.
— Соңғы 5-6 жылда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен бірлесіп, жасалған іс-шаралардың нәтижесінде инвестициялық ахуал біршама өзгеріске ұшырады. Өткен жылы еліміз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар комитетінің толық мүшесі болып қабылданды. Көші-қон, шетелдік жұмыс күші бойынша нормативтік-құқықтық актілерге, кеден, салық заңнамаларына енгізілген өзгерістердің нәтижесінде 60-тан аса елге визасыз кіруге рұқсат берілді. 2017 жылы «Kazakh Invest» компаниясы құрылды. Мақсатымыз — инвесторларға тиімді қызмет көрсету. Біріншіден, инвесторларды күтпей-ақ, арнайы жоба жасап, елшіліктер арқылы инвесторларға жеткізе білу. Екіншіден, инвесторлар елімізге келгеннен кейін, «бір терезе» қағидасы бойынша инвестициялық жобаларды идеядан бастап іске асыруға дейінгі толық қызмет шоғырын қолдауды қамтамасыз ету.
ҚР инвестициялық ахуалы тартымды, дегенмен бюрократия, туындаған мәселелерден көптеген инвесторлармен жоспарлаған жұмыстарымыз іске аспай қалған еді. Қазіргі кезде инвесторларға толыққанды қызмет көрсетуге мүмкіншілігіміз жеткілікті.
— Инвестициялық жобаларды іске асырудың перспективалары қандай?
— Инвестициялық жобаларды іске асырудың перспективалары жоғары. 10-15 жыл бұрын кішігірім нарық кезінде бізде логистика жағы әлсіз болып, ірі трансұлттық компаниялармен келісім-шарт жасауға кедергі келтіруші еді. Ал, қазіргі таңда жағдай түбегейлі өзгеріп, еліміз транзитті мемлекетке айналды. Батыс Еуропадан Шығыс Қытайға дейінгі нарыққа шығу мүмкіндігі пайда болып, инвесторларға тартымды жағдайлар қалыптастырудамыз.
ҚР ЕАЭО-ға мүше ел ретінде 180 млн халқы бар нарыққа ие.
Бұл көрсеткіш те инвесторларға өз әсерін тигізуде. Бұдан бөлек, ҚХР-ға тауарларымызды, әсіресе, азық-түлік өнімдерін экспорттауды бастадық. Орта Азия мемлекеттері арасында жалпы сомасы 50 млн-ға жуық нарық қалыптасып отыр. Сондай-ақ, азық-түлік тауарларына Иран, Араб елдерінен сұраныс артуда.
Еліміздің транзиттік әлеуетінің арқасында үлкен нарықтарға шығу мүмкіндігі артты. Біздің міндетіміз — осы мүмкіншіліктерді тиімді қолдана білу.
— Қазіргі кезде ел аумағында жүзеге асып жатқан қандай инвестициялық жобалар бар?
— Қазіргі таңда 145 жобамен жұмыс жүргізілуде. Олардың 35-нің құрылысы жүріп жатыр, 25-ке жуық жобаның құжаттары әзірлену үстінде. 2018 жылы әкімдіктермен және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 1,6 млрд доллар сомасына шетелдік инвестицияларды тарту арқылы 15 жобаның құрылысы басталады және 3 млрд доллар сомасына 23 жоба пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз.
Биылғы жылы міндеттелген құжатқа қол қою арқылы құны 16,4 млрд доллар болатын 17 ірі жобаны іске асыруға инвесторларды тарту міндеті тұр.
Бұдан бөлек, халықаралық компаниялармен, мысалы, «Deloitte» компаниясымен келісім-шарт жасалып, 50 жоба дайындалды. Инвестициялық ұсыныстар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және қазірдің өзінде олар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл біз «Үлкен төрттіктің», халықаралық деңгейдегі кеңесшілерін тарта отырып, жаңа инвестициялық ұсыныстар дайындаймыз.
Жыл соңына қарай жобалардың саны да сапасы да өзгереді деген сенімдеміз.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Дереккөз: primeminister.kz