Арнайы прокурор ОҚО-да зорланды делінген жеті жасар балаға қатысты істі өндіріске қабылдады, — деп хабарлайды Zhambylnews Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша арнайы прокурор Оңтүстік Қазақстан облысының кішкентай тұрғынына қатысты зорлық әрекеттері туралы арыз бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді өз өндірісіне қабылдады.Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын сақтау және орын алған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр,» — делінген Бас прокуротураның сайтында.
Процестің барлық қатысушыларының өтінішхаттары негізінде кешенді сот-медициналық сараптамаға кәсіби мамандар жұмылдырылатын болады.
«Қылмыстық істің тергелу барысы Бас прокуратураның бақылауында. Істің фигуранттары жасөспірім болғандықтан, Қылмыстық-процестік кодекстің 532-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың құпиялылыққа деген құқықтарын сақтау қажеттігін ескертеміз. Жеке өмір туралы мәліметтерді көпшілік алдында, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарын қолдану арқылы жария еткен үшін Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған,» — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Тергеу нәтижесі туралы ақпарат жасөспірімдердің құқығы мен заңды мүдделерін ескере келе, қоғам назарына тиісті көлемде жеткізіледі.