Оңтүстік Қазақстанда облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының отырысында мемлекеттік құқық мәселелері және жергілікті өзін өзін басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері 3 жылға арналған облыс бюджетін нақтылауда шу шықты, деп жеткізді otyrar.kz.
Дулат Әбіш, облыс мәслихатының депутаты: «Төлеби» атты фильмге қаржы бөлгенше, Төлебидің мұражайын ашуға жұмсамаймыз ба? Тұрар Рысқұловтың мерейтойы болады. Соған неге жұмсамаймыз? Мұражайға келген адам Төлеби жайлы барлық ақпаратты алады. Насихатталады. Ал киноны кім көреді? Бір жерден бір мекемені тауып алып жасағандарың не? Бұл барып тұрған коррупция…»
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында оңтүстіктің киелі, тарихи орындары мен тұлғаларына арналған фильмдерге бөлінетін қаржы тым көп деп санайды депутаттар. «Рухани жаңғыруды елдімекендердегі ескірген ауыл клубтары мен тозығы жеткен мұражайларды жөндеуден бастау қажет» деген ұсынысын ашып айтты. Есесіне, фильмді түсіруді конкурссыз бір мекемеге жүктеу заңға қайшы. Сондықтан да бұл мәселе 19 наурызда өтетін тұрақты комиссияда қайта қаралатын болды. Халық қалаулылары ақшаны оңды солды шашуға қарсы.
Дулат Әбіш, облыс мәслихатының депутаты: «Төрткүл, Темірланда бүгінде «Жедел жәрдем» жетіспейді. Екеуіне барса, үшіншісіне үлгермейді, соның салдарынан науқастар қайтыс болуда. 40 «Жедел жәрдем» керек екен, неге осыған ақша бөлмейміз?»
Мұқан Егізбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Соңғы 5-6 жылда 155 көлікті есептен шығара алмай отырмыз. Өтірік айтудың қажеті қанша? Ақша жоқ болса жоқ деп айтпайсыңдар ма?»
Облыс бюджетін талқыға салғандар бір тетігін қараусыз жібермеді. Комиссия отырысында айтылған барлық сын ескертпелер мен ұсыныстар ескеріледі, бөлінетін қаражат қайта қарастырылады деп шешті.