Ақмола облысының шағын ғана ауылынан түлеп ұшқан былғары қолғап шебері Дина Жоламанның есімі қазір спортсүйер қауымға жақсы таныс. Әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген қазақтың жауқазын қызы Динаның осы күні қарқыны күшті, -деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Әйелдер арасындағы бокс бүгінде олимпиадалық ойындар тізіміне енген спорттың ең танымал түрі болып саналады. Динаның бокстағы жолы Жақсы кентінде ашылған Т.Уәлиев атындағы спорт мектебінде басталған. Спортшының әлем чемпионына дейінгі жолы бірден және кездейсоқ самғау арқылы емес, сатылап өсумен және тынымсыз жаттығудың арқасында келді. Осыдан он шақты жыл бұрын Динаның дәл осындай биікке қол жеткізетініне нық сенімді болған оның жаттықтырушысы Александр Высоцкий еді.
«Қолыма былғары қолғап киіп, боксшы боламын деп келген менің талабымды өсіріп, болашағыма зор сенім артқан жаттықтырушы Александр Высоцкийге айтар алғысым шексіз. Осы кісінің арқасында көптеген халықаралық, республикалық жарыстарда топ жарып, елдің сүйіктісіне айналдым», — дейді боксшы қыз.
Қыздардың ауыр атлетика, бокс сияқты үлкен күшті қажет ететін спорт түрлерімен айналысуы бүгінде ешкімнің таңданысын тудырмайды. Содан болар, оның бокспен айналысқанына туған-туыстары да қарсы бола қоймаған.
«Бокспен 13 жасымнан бері айналысып келемін. Сол жылдары Жақсы ауданындағы «ТНК агрофирмасының» қолдауымен Т.Уәлиев атындағы спорт мектебінде қыздар боксынан үйірме ашылды. Сыныптас қыздармен еріп барған едім, басында жай қызығушылығым басым болды. Кейін тылсым сырға толы ғажайып спорт әлемі өзіне баурай түсті. Анам менің бұл таңдауыма қарсылық білдірген жоқ. Керісінше, қолдау көрсетті. Осылайша, былғары қолғапты мықтап қолыма кидім»,- дейді Дина Жоламан.
Екі дүркін республика чемпионы болған Дина 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық жарыста бесінші сатыдан көрініп, болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы екенін көрсетті. Мұндай дүбірлі жарысқа алғаш қатысқан жас спортшы үшін бұл аз табыс емес. Сондай-ақ, бұл жетістік оған халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алуға ықпалын тигізді. 2016 жылы Астанада өткен жарысқа қайта оралсақ, бұл — дәл Олимпиада ойындары қарсаңында өткен аса жауапты да, күрделі сын болған еді. Жарыс жүлдегері Олимпиадаға жолдама да алуы тиіс-тін. Сондықтан спортшылар жеңіс үшін жанын салып бақты. Динаның қарсыластары талай жарыстарда топ жарған кіл мықтылар болды. Дегенмен, олардың атақ-даңқы, бұрынғы жеңістері жас боксшының бойына үрей ұялата қойған жоқ. Неміс спортшысы Орнелей Вахнерді 3:0 есебімен ұтқан ол, қытайлық Айя Шинматоны да сондай есеппен тізе бүктірді. Финалда тағы бір қытайлық Лю Пиапиаоны да 3:0 есебімен анық басымдықпен жеңді.
Сөйтіп, еліміз тарихында әйелдер арасында екінші әлем чемпионы атанды. Өкінішке орай, Дина Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға бара алмады. Өйткені, оның салмағы Олимпиада ойындарына кіретін салмақ өлшеміне енбеді. Олимпиадада әйелдер боксында үш салмақ — 51, 60 және 75 келі салмақтары ғана қарастырылған еді.
Динаның бокстағы жетістіктері туралы ауыз толтырып айта беруге болады. Соның бірі, жақында Щучье қаласында өткен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнованың жүлдесі үшін әйелдер арасында бокстан халықарлық турнирде Диананың бағы жанған болатын. Алғашқы болып шаршы алаңға шыққан ол 54 келі салмақта Гүлмира Баймановадан айласын асыра білді.
Халықарлық дəрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, қыздар арасындағы бокстан Әлем чемпионы, Жақсы ауданының құрметті азаматы, сондай-ақ «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген Динаны алда талай дүбірлі жарыстар күтіп тұр. Ел намысын қорғап, сол жолда тер төгіп жүрген боксшы қызды әлі талай биіктен көретініміз анық. Лайым солай болғай!