Бүгін облыс әкімдігінде Тараз қаласының шекарасын Байзақ және Жамбыл аудандарының есебінен ұлғайтқан кезде туындайтын мәселелер және оларды шешу жөнінде жиын өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров баяндама жасады.
Облыс орталығының шекарасына таяу 10 км аумағындағы жер көлемін есептегенде Байзақ ауданында 22652 гектар, Жамбыл ауданында 61536 гектар жер бар. Бүгінде аталмыш аудандар мен қаланың шекара аумағында кездесіп отырған мәселелер баршылық. Оларды уақыт оздырмай шешу маңызды десек, ол туралы басқосуда жан-жақты қаузалды.
Атап айтар болсақ, Байзақ ауданындағы Бурыл, Үлгілі, Сарыкемер, Бәйтерек, Ботамойнақ ауылдарының шекарасы тұрғын үй құрылысын кеңейтілуі Тараз қаласы әкімдігімен бекітілген тәртіппен келісілмеген. Өзіндік қосалқы шаруашылық жер телімдері АИС ГЗК базасына толығымен енгізілмеген. Бұл мәселелер Жамбыл ауданында да кездеседі.
Сайлауғалы Байназаров Тараз қаласының қала маңында орналасқан Жамбыл және Байзақ аудандарындағы жер учаскелерінің жалпы көлемі 84489,1 гектарға тең екенін, қаланың батыс бөлігін Аса өзеніне дейін, солтүстігіне қарай Жамбыл, Көлқайнар ауылдық округтері есебінен кеңейтуге болатынын жеткізді. Бұдан басқа Байзақ ауданынан Бурыл, Қызыл жұлдыз және Қостөбе ауылдық округтеріне тиесілі шамамен барлығы 33,0 мың гектар жер есебінен кеңейту мімкіндігі бар.
Өңір басшысы Асқар Исабекұлы қала аумағын жақын маңдағы аудан жерлерінің есебінен ұлғайтуда аса мұқият болу керектігін ескертті. Сондай-ақ, қала шекерасына таяу маңдағы Байзақ және Жамбыл аудандарының жер учаскелерін бөлуге арнайы қаулы негізінде тыйым салу керектігін, қаулы қабылданғанша мараторий жариялауды тапсырды.
Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Жамбыл облысының жер көлемі 144 264 шаршы шақырымды құрайды.