Енді өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, елеулі еңбек еткендер «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталатын болады. Ол облыс әкімінің наградасы болып саналады. Бұл туралы облыс әкімдігінде арнайы жиын өтіп, төсбелгі үлгісі таныстырылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен басқасуға басқарма басшылары, аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер ұйымының өкілдері қатысты.
Асқар Исабекұлы облысымызда 1 миллионнан аса халық тұратынын, оның ішінде аймақтың дамуына зор үлес қосып, талай жылдар бойы талмай тер төккен әсіресе аға буынның өкілдері аз еместігін атап айтты. Бұл белгі сол азаматтардың еңбегін ескеріп, мәртебесін арттыруға, сол арқылы өзгелерге үлгі – өнеге болуға негізделуде.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісінің мән-маңызы мен сипаттамасына тоқталып, слайд арқылы оның бекітілген үлгісімен таныстырды.
Оның айтуынша, облыс әкімінің бұл наградасы азаматтардың облысқа сіңірген айрықша еңбегін, экономиканы, әлеуметтік, қоғамдық салаларды, ғылым мен мәдениетті, спортты дамытуға қосқан елеулі үлесін, құқық қорғау органдарындағы үлгілі қызметін, белсенді қайырымдылық ісін бағалаудың белгісі ретінде ресми көтермелеу мен моральдық ынталандыру мақсатында тағайындалады. Ол облыстың, еліміздің басқа өңірлері мен өзге мемлекеттердің азаматтарына, сондай-ақ, өңірдің дамуына өз үлестерін қосқан Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткерлеріне табыс етілетін болады.
Белгімен наградтау облыс әкімі аппараты басшысының жазбаша қорытындысы бойынша облыс әкімінің өкіміне сәйкес жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайда, облыс әкімі Белгімен наградтауға облыстың мемлекеттік органдары басшыларының, қала және аудан әкімдерінің, қоғамдық құрылымдардың ұсынымдарын қарау және ұсыныстар әзірлеу жөніндегі арнайы комиссия құруы мүмкін.
Белгі мен оның куәлігін облыс әкімі, сондай-ақ облыс әкімі уәкілеттік берген тұлғалар табыс етеді. Табыс ету салтанатты жағдайда өтеді.
Айта кету керек, бұған дейін еңбегімен көзге түскендер облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапатталып келсе, ендігі уақытта оның қатарын «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі толықтырады. Бұл жаңа белгіде облыс есімін еншілеп жатқан ақын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың бейнесі белгіленген.
Нақтырақ тоқталсақ, белгі – алтын түстес, мыс-мырыш қорытпасы – жезден жасалған, 34 мм дұрыс шеңберден және негізден тұрады. Негіз ені 20 мм көгілдір түсті жібек муар лентасымен қапталған.
Белгінің алдыңғы жағында Жамбыл облысының контуралық картасының аясында, Жамбыл ақынның ескерткішінің кескіні бейнеленген. Ақын оң қолың созып тұр, сол қолыңда домбыра бар. Белгі шетінің үстіңгі жағында «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» жазу дөңгелектеніп жазылған, ал белгінің төменгі бөлігінде қазақ ұлттық оюы салынған.
Басқосу барысында облыстың Құрметті азаматы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сембек Сейдәзімов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутаев, қоғам қайраткері Жандар Кәрібаев, мәдениеттанушы Әлібек Әмзеев, Тараз қаласының Құрметті азаматы Қаржаубай Бекболат және басқалар сөз алып, белгінің мазмұндылығына тоқталып, орамды ойларын ортаға салды.
«Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісінің алғашқы иегерлері Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өтетін салтанатты шарада марапатталмақ.
Бұл марапатқа бүгінде Тараз қаласы мен аудандардан 900-ден астам ұсыныс түскен. Асқар Исабекұлы лайықты тұлғалардың назардан тыс қалмауын қадағалауды, керек жағдайда тізімді тағы да толықтыруға болатынын жеткізді.
Сондай-ақ, келер жылы облыстың 80 жылдық мерейтойы барысында өзге де лайықты азаматтар аталмыш награданы кеудесіне тағады және алдағы уақытта ол тұрақты түрде табысталатын болады.