Мойынқұм ауданында егістік жұмыстары қарқынды жүруде

0 18

Көктем шығып, күн жылынғалы бері Мойынқұм ауданында егістіктегі екпінді еңбек жұмыстары да күн өткен сайын қыза түсуде. Егін алқабына тамып жатқан шаруалардың маңдай тері, олардың ертеңгі тәтті жеміс екені даусыз. Оның үстіне биыл аудандағы егін алқаптарынан 1000 гектар жерге жүгері егіліп, одан мол өнім алу көзделіп отыр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Бұл ілкімді іс облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасы бойынша, аудан әкімі Мәден Мұсаевтың ықпалымен жоспарлы түрде яғни, Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде ауданда алғаш рет жүргізіліп отырғанын айта кеткен жөн. Осы тұрғыда аудан әкімі Мәден Мұсаев бастаған топ бүгін егін егуге білек сыбана кіріскен жоғарғы ауылдарды аралай келе, Күшаман ауылындағы егістік жерлердегі жүріп жатқан қызу жұмыстардыңда жай-жапсарын анықтап, қыза түскен шаруалар жұмысын қырағылықпен қадағалап қайтты.

Күшаман ауылында 387 гектар егінді жер бар болса, оның 115 гектарына – жүгері, 60 гектарына – жоңышқа, арпа және 120 гектарына тары егу жоспарланыпты. Аталған ауылдағы «Көркем», «Мерей», «Ырыс» шаруа қожалықтарының егістік жерлерінде болған аудан басшысы, ауыл әкімі Кеңесбай Сарбасов, шаруа қожалық жетекшілері Нұрлан Бұзаубаев, Ғазиза Садырқұлова, Тұрар Сарбасовтарға жүгері егетін уақыттың тап келгендігін, жер жырту, малалау жұмыстарын тездетіп аяқтау қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, облыс әкімінің қолға алуымен құрылған механикаландырылған отряд және Шу қаласынан арнайы жер жыртуға келген трактор жүргізушілеріне де демалуға уақыттың мүлде жоқтығын қатаң ескерткен аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлы, тер төге жұмыла еңбек етіп жатқан шаруаларға табыстың кілті – осындай қажырлы еңбекте жатқанын кеңпейілділікпен айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.