Балалар – қоғамның ең қымбат байлығы, мемлекеттің жарқын болашағы. Сондықтан да олардың құқықтарын қорғау, сапалы білім мен саналы тәрбие алуына жағдай жасау, қауіпсіз әрі бақытты балалық шақ сыйлау – әрбір елдің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта жыл сайын аталып өтетін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аудан көлемінде кеңінен тойланып, бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөлінді.
Жаймашуақ жаздың алғашқы күні аудан тұрғындары мен балалар үшін шаттық пен қуанышқа толы мерекеге айналды. Ауданның орталық алаңдары мен саябақтарында түрлі мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.
Бүгінде елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына ерекше мән беріліп келеді. Мемлекет тарапынан балалардың сапалы білім алуы, денсаулығын нығайтуы, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар ел Президенті айқындаған басым міндеттердің бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде балаларға ерекше назар аудару қажеттігін үнемі айтып келеді. Президенттің айтуынша, балалардың амандығы мен бақыты – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан әрбір бала мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкендердің қолдауын сезінуі және болашаққа сеніммен қарауы тиіс.
Осы орайда аудан көлемінде ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар да балалардың көңілін көтеруге, олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталды. Мерекелік шараға аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қатысып, аудан тұрғындары мен бүлдіршіндерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.
Аудан басшысы өз құттықтау сөзінде бұл мерекенің маңызы ерекше екенін атап өтті. Ол балаларға деген қамқорлық пен қолдау тек мереке күндері ғана емес, жылдың барлық мезгілінде көрсетілуі қажет екенін айтып, жас ұрпақтың бақытты өмір сүруі қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді.
– Балаларымыздың жарқын болашағы үшін барынша жағдай жасауымыз қажет. Себебі бүгінгі бүлдіршіндер – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Сондықтан олардың сапалы білім алып, саналы тәрбие көруі, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуы аса маңызды. Барша бүлдіршіндерге зор денсаулық, шаттық пен қуаныш, оқуда табыс тілеймін, – деді аудан әкімі.
Мерекелік бағдарлама аясында балаларға арналған концерттік қойылымдар мен театрландырылған көріністер көрсетілді. Өнерлі балалар мен шығармашылық ұжымдар сахна төрінде ән шырқап, би билеп, мерекенің сәнін келтірді. Көрермендер жас өнерпаздардың өнеріне ерекше ықылас танытып, ыстық қошеметтерін білдірді.
Сонымен қатар бүлдіршіндердің шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, балалар мальбертке сурет салу, асфальтқа сурет салу байқауларына қатысып, өз қиялдары мен таланттарын паш етті. Түрлі-түсті бояулармен салынған суреттерден балалардың бейбіт өмірге, туған жерге, табиғатқа және бақытты балалық шаққа деген көзқарастарын байқауға болды.
Шара барысында ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар да ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытты. Балалар гір тасын көтеру, асық ату, ләңгі тебу, эстафеталық ойындар секілді сайыстарда өз бақтарын сынады. Мұндай жарыстар балалардың дене шынықтырумен айналысуына қызығушылықтарын арттырып қана қоймай, олардың шапшаңдық, ептілік және ұйымшылдық қасиеттерін дамытуға мүмкіндік берді.
Спорттық жарыстар мен шығармашылық байқауларға белсене қатысқан балаларға арнайы мақтау қағаздары мен сыйлықтар табысталды. Бұл олардың жетістіктерін бағалап, алдағы уақытта да белсенді болуға ынталандырды.
Мереке барысында саябақ аумағы ерекше безендіріліп, балалар үшін қызықты ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды. Түрлі ертегі кейіпкерлері мен аниматорлар балалармен бірге ойын ойнап, көңілді көріністер көрсетті. Сондай-ақ әртүрлі музыкалық аспаптарда орындалған әуендер мен композициялар мерекенің көркін қыздырып, балаларға ерекше әсер сыйлады.
Қызықты репертуарлар, көңілді кейіпкерлер, әсерлі қойылымдар мен музыкалық бағдарламалар бүлдіршіндердің шаттығын еселеп, оларға ұмытылмас әсер қалдырды. Балалар бір-бірімен араласып, ойындарға қатысып, жазғы демалыстың алғашқы күнін ерекше көңіл-күймен қарсы алды.
Ата-аналар да ұйымдастырылған мерекелік шараларға жоғары бағаларын беріп, балаларға арналған осындай игі бастамалардың тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай мерекелер балалардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара аудан бүлдіршіндері үшін ерекше қуаныш сыйлаған айтулы мерекеге айналды. Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл-күйі мерекенің басты көрінісіне айналып, бұл күн олардың жүрегінде ұзақ уақыт сақталатын жарқын естелік болып қалары сөзсіз.
Мейірім мен қамқорлыққа толы мереке тағы бір мәрте балалардың қоғамдағы орны ерекше екенін айқындады. Себебі балаларға жасалған әрбір қамқорлық – елдің ертеңіне салынған инвестиция. Сондықтан өскелең ұрпақтың бақытты балалық шағы мен жарқын болашағын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Барша бүлдіршіндерге зор денсаулық, шаттыққа толы балалық шақ, білім мен өнер жолында толағай табыстар тілейміз!