Қазақстанда жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан бөлінетін гранттарға үміткерлердің өтінімдерін қарастыру жұмысы басталмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тың идея ұсынған отандастарымыз үшін жалпы саны 2019 грант бөлінгенін хабарлады.
Жаңа бизнес-бастамаларға арналған қаржының бағытталуына тоқталар болсақ, 1089 грант жастарға, 930 грант халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған тобына арналған, деп хабарлайды Экспресс К.
Әр азаматтың құрған жоспарына қарай бөлінетін қаржының сомасы да әртүрлі. Ең қолжетімдісі — 1,2 миллион теңгелік грант. Жоғарыда аталған екі топқа кіретін отандастарымыздың өз кәсібін бастау үшін мемлекет тарапынан 1,2 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алуына мүмкіндік бар.
Өтінімдер Business.enbek.kz порталы арқылы онлайн режимде 10 жұмыс күні ішінде қабылданады. Арнайы комиссия келіп түскен барлық өтініштерді қарастырғаннан кейін үміткерлерге өз жобаларының таныстырылымын өткізу қажет.
Аталмыш грант бірақ рет бөлінеді. Сол себепті алғашқы өтінімін комиссия қабылдамаған азаматтарға келесі топтың өтінім беру мерзіміне үлгеруі маңызды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі грант бөлудің жеті легі болатынын хабарлайды.
Грант алу үшін үміткер азаматтың жоғарыда аталған екі әлеуметтік топтың өкілі болғаннан бөлек тағы бірнеше талапқа сай болуы шарт. Олар:
— үміткер халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыз мәртебесінің болуы;
— Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші мәртебесінің болуы;
— өтініш берген сәтте мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкер (оның ішінде қызметін тоқтатқан) болу;
— жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлға болуы.
Әрбір үміткерде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйрететін курсты аяқтағаны туралы сертификат және оқу барысында дайындалған бизнес-жоспар болуы міндетті.
Сонымен қатар, грант алуға үмітті азаматтың тұрғылықты жерінде кемінде бір жылдық тіркеуде болуы шарт. Бұл талап қандастарға қолданылмайды.
Өтінім беру үшін порталға тіркеліп, ЭЦП арқылы арнайы үлгіні толтыру керек.
Гранттар өтініштерді қарастырған комиссия шешімінің негізінде халықты жұмыспен қамтамасыз ету орталықтарында беріледі. Комиссия шешім қабылдағанда төмендегі талаптар ескеріледі. Олар:
— бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
— идеяның белгілі нарықта сұранысқа ие болу көрсеткіші;
— бизнес-жобаның қаржылық тұрғыда тиімділігі;
— кәсіпкерлік біліктілік деңгейі;
— жаңа жұмыс орындарын құру.
ЭК бұған дейін Қазақстан Республикасы премьер-министрінің отандық бизнесті шамадан тыс әкімшілік жүктемеден босатуға тапсырма бергенін жазған болатын.