Елімізде бейінді мемлекеттік органдардың бақылауындағы тапшы тауарлар үшін бірыңғай тауар биржасы айқындалмақ. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бағалық ауытқуларға жол бермей, сұйытылған мұнай газының сауда-саттығын іске қосу бойынша іс-шаралар қабылдау тапсырылды. Мәселен, Президенттің тапсырмасына сәйкес сұйытылған мұнай газы биржасына көшу 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды. Осы жылғы 20 шілдеде биржалық сауда-саттық кезінде бағаның күрт көтерілуіне жол бермеуге мүмкіндік беретін Биржалық сауданың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізілді», — деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда сұйытылған мұнай газын көлікке ілеспе жүк құжаттарды ресімдеуге міндетті тауарлар тізбесіне енгізу, өткізу көлемі мен бағасын көрсете отырып, автогаз құю стансасының фискалдық чектерді шығаруы бойынша талаптарды қатаңдату сынды өзгерістер пысықталуда.
«Сондай-ақ бейінді мемлекеттік органдардың бақылауындағы тапшы тауарлар үшін бірыңғай тауар биржасын айқындау мәселесі қарастырылуда. Жоғарыда көрсетілген іс-шаралар ашықтықты қамтамасыз етуге және сұйытылған газ саудасы кезіндегі операцияларды қадағалауға мүмкіндік береді», — деді Болат Ақшолақов.