Үшарал әуежайы тексеруден өтіп, пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ инспекторлары жасанды ұшу-қону жолағы қайта жаңартылған Үшарал әуежайына сертификаттық тексеру жүргізді. Бүгінгі таңда негізгі жұмыс түрлері, оның ішінде ұшу-қону жолағын 2 700 метрге дейін ұзарту және рульдеу жолын кеңейту аяқталды. Жетісу облысының әкімдігі мердігерлік ұйыммен бірлесіп жоба бойынша қалған жұмыстарды іске асыруды жалғастыруда.
«Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша Үшарал әуежайына пайдалануға жарамдылық сертификаты берілді. Бүгін авиакомпаниялар Үшарал – Алматы және Үшарал – Нұр-Сұлтан субсидияланатын бағыттары бойынша авиабилеттерді сатуды бастайды. Рейстерді «SCAT« әуе компаниясы «CRJ2« әуе кемелерінде (сыйымдылығы 50 орындық) жазғы маусымда әр бағыт бойынша аптасына 14 рейс жиілігімен, қалған уақытта 7 рейс орындайтын болады. — Билет құны 15 000 және 16 000 теңге Ұшулар осы жылдың 15 тамызынан басталады», — деп атап өтеді комитеттен.