АЭС бойынша оң шешім қабылданса, онда оны халықаралық консорциум салуы қажет. Бұл туралы АЭС бойынша референдумда дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне шағын сұхат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Егер референдум қорытындысында Қазақстан азаматтары АЭС құрылысына қатысты мәселеге қолдау білдірсе, онда оны кім салады?» — деп сұрады БАҚ өкілдері Президенттен.
Мемлекет басшысы бұл мәселенің күрделі екендігін атап өтті.
«Үкімет сараптамамен айналысып, тиісінше келіссөздер жүргізуі қажет. Дегенмен, бұл — мәселеге қатысты менің жеке көзқарасым. Қазақстанда ең озық технологияларға ие әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі тиіс. Бірақ, мұнан арғыны өмір көрсетеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС бойынша референдумда дауыс бергенін жазған болатынбыз.
БАҚ өкілдерімен шағын сұхаты барысында Мемлекет басшысы Үкімет жұмысына баға берді.
Сондай-ақ тілшілер сұрағына орай, ұстаздардың қоғамдық мәртебесі міндетті түрде көтерілетінін айтты.
Еске салсақ, Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров елдің барлық өңірінде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум басталғанын ресми мәлім етті.
1 шілдедегі жағдай бойынша ел көлемінде 12 176 968 адам референдумда дауыс беруге хақылы.