Қазақстанда бір адамға сатылатын дәрі-дәрмек санына шектеу қойылады

0 16

Елімізде сатылатын дәрілердің санына шектеу қойылатын болды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Людмила Бюрабекова айтып берді, — деп хабарлайды “ZhambylNews“ ақпарат агенттігі Stan.kz -ке сілтеме жасап.

Вице-министрдің айтуынша, енді дәріханаларда бір адамға 2-3 дана дәріден артық берілмейді. Әсіресе соңғы кезде сұранысқа ие препараттарды бейпіл сатуға шектеу қойылды. Адамдар қажеті жоқ дәрілерді де артығымен алып, шын мұқтаждарға препарат қалмай қалмауы мүмкін болғандықтан осындай шаралар қабылданды дейді ол.

«Қазіргі таңда бірқатар аймақтардың әкімшіліктері мен дәрі тасымалдаушыларының арасында меморандумға қол қойылды. Бір адамға 2-3 дана дәріден артық сатылмайтын болды. Өйткені емдеу курсына бұдан артық доза қажет емес. Бұл жұмыстар дәрі-дәрмектердің әрбір үйде бос жатпауы үшін жасалып жатыр. Дәрінің қолданылу мерзімі бар екенін де ескерген жөн. Соңғы бірнеше аптаның ішінде сатып алынған дәрілер әрбір үйде босқа тұратын болды», — дейді Бюрабекова.

Сонымен қатар, вице-министр бір отбасы мүшелеріне берілетін дәрі-дәрмек мөлшері туралы да айтып берді. Дәрігердің нұсқауымен жазылған препараттарды алу қиынға соқпайды, ал өз бетімен алушылар болса шектеу қойылады деп түсіндірді. Осылайша ол, коронавирус белгілері бар науқастарды өз бетінше емделмеуге шақырды.

Оған қоса, дәрі-дәрмек бағасын көтерген тасымалдаушыларға жаза қолданылатынын ескертті ол.

«Содан кейін дәрілердің көтерме және бөлшек саудадағы бағасын бекіту туралы норма қабылданды. Қазір бұл норма 6 мыңнан астам дәріге қатысты қолданылады. Дәрілердің шекті бағасы денсаулық сақтау министрлігінің комитетіне қарайтын аумақтық департаменттерінің сайтында, сондай-ақ, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының dari.kz қосымшасында көрсетілген. Сонымен қатар, дәрілердің қауіпсіздігі мен сапасының сертификатын, тіркелгенін, пайдалану нұсқаулығын көруге болады», — дейді Бюрабекова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.