Қырғызстанның Мәскеудегі елшілігінің баспасөз қызметі бұрынғы елші Райымқұл Аттокуровтың Қырғызстанда Ресей құрамына кіру мәселесі талқыланып жатқандығы туралы мәлімдемесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Елшіліктің хабарлауынша, мұндай мәлімдемелерге ешқандай себеп жоқ. Өз кезегінде, Аттокуров Ресей азаматы болғандықтан, жеке тұлға ретінде өзінің пікірін білдірді деп есептейді.
«Қырғызстан басшылығы мемлекетіміздің егемендігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық мүдделерді қорғау жөнінде нық бағыт ұстанып отырғанын ерекше атап өткен жөн. Бұл ретте Қырғыз-Ресей мемлекетаралық қатынастары өзара құрмет, түсіністік және қолдау рухында қарқынды дамуда. Біздің халықтарымызды ортақ тарих пен Еуразиялық рухани құндылықтар біріктіреді. Қырғызстан мен Ресей сенімді одақтастар мен стратегиялық әріптестер болып табылады», — делінген Қырғызстан елшілігінің мәлімдемесінде.
Сондай-ақ елшілік дипломаттарды көпшілік алдында арандатушылық сипаттағы мәлімдемелер жасаудан аулақ болуға шақырды.
Дереккөз: «Адырна» ұлттық порталы