Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті кеңесте эпизоотиялық ахуал талқыланды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаевтың айтуынша, өңірде жануарлар ауруларына қатысты жағдай тұрақты. Барлық аудандарда эпизоотияға қарсы іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде.
Соңғы үш жылда аса қауіпті аурулар ошақтарының төмендеу динамикасы байқалады. Нақтырақ айтқанда 2019 жылы — 22 ошақ, 2020 жылы — 11 ошақ, 2021 жылы — 6 ошақ тіркелген.
— Әр аудандағы қауіпті аймақтар бойынша карталар жасау қажет. Бұл дер кезінде ветеринарлық көмек көрсетуге, мал ауруларының алдын алу және диагностикалау жұмыстарын жоспарлауға және жүзеге асыруға мүмкіндік береді, — деді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысында барлығы 10 ветеринарлық станция, 124 ветеринарлық пункт бар. Облыстың шалғай елді мекендерінде 139 ветеринариялық дәріхана, 11 ветеринариялық клиника ашылған.
— Тек Мойынқұм ауданында ғана ветеринариялық станция жоқ. Мал шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан ауданда мұндай нысанның қажеттігін айтпасақ та түсінікті. Бұл мәселені қысқа мерзімде міндетті түрде шешу керек, — деп тапсырды Бердібек Сапарбаев.
Мал төлдерін бірдейлендіру үшін ветеринариялық станциялар жарты миллионға жуық құлақ жапсырмаларымен қамтылды.
Бердібек Сапарбаев иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, оларды аулауға қатысты тиісті қағида-талаптардың орындалуының маңыздылығын атап өтті.
— Өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы Заңға қол қойды. Заң нормалары жануарлар иелерінің жануарларды ұстау, есепке алу, тасымалдау, бағу бойынша міндеттерін белгілеуге бағытталған. Еріктілерді тарта отырып, тұрғындарға жаңа заң нормаларын түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Қараусыз қалған жануарлардың арасында иелері мүлде жоқ қаңғыбас иттер мен мысықтар және иелері бола тұра көшеге бос жіберіп, бақылаусыз қалдырған үй жануарлары да кездеседі. 6 ауданда (Байзақ, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас) және облыс орталығында питомниктер салу үшін орындар белгіленіп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ветеринариялық көмек көрсету мақсатында «Мобильді ветеринариялық клиника» пилоттық жобасы әзірленуде, — деді Нұржас Құрмантаев.
Жиын барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Жандар Көекеев те атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
— Ветеринариялық қызмет мамандары жануарлар мен ауру ошақтарын үнемі қадағалап отыруы тиіс. Халықтың денсаулығы мен ауылдардың экономикалық ахуалы да осыған байланысты.
Базарларда санитарлық талаптар мүлде сақталмайды. Тиісті шаралар қабылдануы керек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің департаментімен бірлесе отырып, малды құжатсыз тасымалдау фактілерін анықтау қажет. Мал сою және мал өнімдерін өткізу пункттерін тұрақты бақылауға алыңыздар,-деп түйіндеді аймақ басшысы.