Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын жеке тұрғын үй секторларында су жайылудың алдын алу бойынша іс-шаралар жұмыстарын жүргізеді. Тұрғын үй секторында сутасқынының алдын алу, алдын бөгеу және уақытылы қарды тазалау жұмыстарын жүргізіп, төтенше жағдай туындаған жағдайда өзін-өзі сақтау ережелерін халыққа насихаттау төтенше жағдай саласы мамандарының басты мақсаты болып табылады. Осыған орай азаматтық қорғау саласының жеке құрамы тұрғын үй секторларын арнайы аралап, ел арасында төтенше жағдайдың алдын алу жөнінде үгіт-насихат жүргізеді.
Уақытыла жақын маңда орналасқан су өтетін арналар мен арықтарды қоқыстан аршып тазалап, қарды аулаққа күреп шығару жұмыстарының жүргізілуі тұрғын үй секторларында еріген судан пайда болған су басу жағдайының қаупін біршама азайтары анық.
Бұған мысал ретінде жақында орын алған жайтты атап өтуге болады. Облысымыздың орталығы Тараз қаласы, Сеңкібай 2 көшесінде, Қапал арнасында төмен температура мен арнаның қоқысқа толуы нәтижесінде су арнасына мұз қатып, су деңгейінің көтерілуіне әкеліп соққан еді. Тиісінше су көлкілдеп, арнадан асу қаупі туындады. Алайда дер кезінде келіп жеткен азаматтық қорғау саласының арнайы мамандарының күшімен күні бойы арна аумағын мұздан және қоқыстан тазалау жұмыстары жүргізілген болатын.
Жалпы облыс және қала тұрғындарына айтарымыз алдымызда шуағын шашар көктем мезгілінің де келіп жетуіне санаулы уақыт қалғандығын, ал күн жылыса сай, саладағы қарлар еріп, аумаққа су жайылу қаупі туындайтындығын, осыған орай ауланы дер кезінде қардан тазалап, үй маңындағы жиналған қарларды аулаққа шығарып, арықтар мен арналарды қоқыстан тазартуды естен шығармай, қауіпсіздік ережелерін сақтауды үнемі естен шығармаңыздар дегіміз келеді.
Карина Карташова, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесінің Өрт сөндіру байланыс орталығы пунктінің байланыс аға шебері