Жамбыл облысы әкімдігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, өткен жылы және ағымдағы жылдың алғашқы үш айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы сараланды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ондағы көрсеткіштер сыбайлас жемқорлық қоғам мен мемлекет үшін әлі де елеулі мәселе болып отырғандығын айғақтай түскендей.
⠀
2019 жылы Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 33 лауазымды тұлға сотталса, олардың басым бөлігі білім саласына қатысты. Басқа салалардан да сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзушылар бар. Ең көп қылмыс Тараз қаласында, Шу, Байзақ, Жуалы және Меркі аудандарында орын алған, — деп атап өтті облыс әкімі.
⠀
Өзекті тақырып бойынша толық ақпаратты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев баяндады.
Ол еңбек және сыбайлас жемқорлық заңнамасының орындалуы бойынша мониторинг барысында қызықты фактілер анықталғандығын алға тартты. Мысалы, сыбайлас жемқорлық әрекеттері фактілері бойынша жауапкершілікке тартылған мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың 9 лауазымды тұлғалары өз басшылық қызметтерін жалғастырып келген. Тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін ғана олар өз өкілеттігін доғаруға мәжбүр болған.
⠀
Ағымдағы жылдың үш айында сотқа жолданған сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істердің саны 27-ге жетсе, осы бөлік бойынша 28 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
⠀
Жиынды қорытындылай келе Бердібек Сапарбаев ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептерін егжей-тегжейлі талдау және нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жүйелі, кешенді шаралар қажет.
⠀
Аймақ басшысының айтуынша, бұл істе өз қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының отставкасы бойынша түзетулер енгізілген заңнама айрықша негізге алынуы тиіс.
⠀
Жергілікті атқарушы органдар халық үшін ашық және қолжетімді болуға міндетті. Осыған байланысты, аудандық әкімдіктерге 1 шілдеге дейін Тараз қаласы, Меркі және Талас аудандарының әкімдіктері сияқты сервистік режимге көшу тапсырмасы жүктелді.