Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өндіріс пен тұтыну арасындағы тепе-теңдікті сақтау, ветеринарлық қауіпсіздік және идеологиялық жұмыстар барысы қаралды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
⠀
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша, ұн, макарон, жұмыртқа және сары май өндірісін екі есеге ұлғайту үшін жергілікті ресурстар жеткілікті. Бір ай ішінде қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуетіне мониторинг жүргізіліп, азық-түлік тауарларын өндіру мен тұтыну арасындағы балансты сақтау жөнінде ұсыныстар әзірленбек.
⠀
Өңір басшысы көкөніс сақтау қоймаларының жай-күйіне зерделеу жүргізудің маңыздылығына тоқталып, қажет болған жағдайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жаңа құрылыс салу керектігіне көңіл бөлді. Бұл жұмыстарға тарту үшін бизнес өкілдері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Аудан әкімдері тиісті жер телімдерін барынша қысқа мерзімде бөлуді қарастырғаны абзал.
⠀
Облыс әкімі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандәулет Кенжебековтің баяндамасын тоқтатуға мәжбүр болды.
⠀
Маған басқа салалардағы шығындарымызды алмастыратын өнім түрлеріне талдау қажет. Пайдалы қазбалар бойынша зерделеу шараларын ұйымдастырып, оларды игеру үшін инвесторларды жедел тарту қажет. Көптеген кәсіпорындар жұмыс істеуге, өнім көлемін арттыруға ниет білдіріп отыр, алайда басқарма мен басқа да жауапты құрылымдар тарапынан қолдау жоқ. Сіздің басты міндетіміз –индустрияны, кәсіпкерлікті дамыту мәселелерімен айналысу.
Дағдарыс – бұл жаңа мүмкіндіктер уақыты, оны пайдаланбау ақымақтық болар еді. Өндіріс пен тұтыну арасындағы балансты жүзеге асыру жолдарын іздеу, өндірістік күштерді орналастыру схемасын құру қажет. Экономикада жеңіл, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жолдарын ойластыру керек.
Біз неге өзімізді сол макаронмен, балықпен қамтамасыз ете алмаймыз? Ал облыста су қоймалары жеткілікті. Аудан әкімдері өндірістерге жиі барып, олардың ассортиментін кеңейтіп, толық қуаттылыққа жұмыс істеуі үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыру керек, — деп тапсырды облыс әкімі
⠀
Ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов ағымдағы жылы атап өтілетін мерекелер мен мерейтойлар, «Бейбітшілік пен келісім», «Сөзден іске» және т.б. жобалар шеңберінде жоспарланған іс-шаралар және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, ол корановирустық инфекциямен күрес, карантин жағдайында облыс тіршілігін БАҚ-та жариялау, дезинфекциялық іс-шараларды жүргізу және тағы басқа көптеген мәселелер бойынша жан-жақты тоқталып өтті.
⠀
Дауыл Бейсенқұлов тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату бойынша атқарылып жатқан жұмыстар тілге тиек етіп, ерекше көзге түскендерді және азаматтардың өтініштеріне жауап беруге асықпайтын әкімдіктерді атап көрсетті.
⠀
Қазіргі уақытта сауатты ақпараттық саясат ерекше маңызға ие. Адамдарды толғандыратын тақырыптарда көбірек әлеуметтік сауалнама жүргізу қажет. Азаматтардан келіп түсетін барлық мәселелерге талдау жүргізетін және оларды шешу үшін тиісті шаралар әзірлейтін 109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеуі тиіс. Облыстың бірегей туристік нысандарын еліміздің барлық аймағына дұрыстап көрсете білуіміз керек. Келесі міндет – теледидар мен газеттерде жаңа бағдарламалар мен айдар ашу болып табылады. Жастар үшін үлгі болатын еңбек адамдары, әлеуметтік жауапты бизнесмендер туралы сюжеттер мен мақалалар аз, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.