Тараз қаласында 90 км жолды жөндеу бойынша 100 жоба жүзеге асырылады. Демек — 96 көше 81 км, Б.Момышұлы, Абай даңғылы, Желтоқсан-Қазыбек би, Қойгелді-Қонаев көшелері бойында жаяу жүргіншілер жолағы салынады , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың еншісінен қалған Абай даңғылы, Қойгелді және Байзақ батыр көшелерімен алдағы аптада еркін жүйткуге жол ашылады. Күні бүгін қажет техникалар жеткізіліп, алғашқы жұмыстар басталып кетті. Облыс әкімі адам аяғы азайған карантин кезінде жол жөндеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырған болатын.
Астын сызып айта кетер жайт, айтылған көшелердің 80 пайызында бұрын-соңды асфальт болмаған.
Айта кету керек, Төле би даңғылы-Ташкент көшесі аралығындағы Байзақ батыр көшесінің бір шақырымында жылдар бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бүгін бұл көшеге «Ая-Сервис» ЖШС-нің техникалары түсіп, жол жабындысын жөндеу ісін бастап кетті. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев жөндеу жұмыстарының барысын бақылап, мердігерге бітірер мерзімін белгілеп берді.