Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Жамбыл облысының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы шеңберінде 2020 жылға арналған индикаторларды орындалу қорытындылары қаралды, — деп жазады “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, төрт индикаторға қол жеткізілмеген десек, екі индикатор 25 пайызға орындалған. Мемлекеттік міндеттемелерді талап етпейтін 18 жобаның 14-і жүзеге асқан. Ағымдағы жылдың 4 айында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері негізінен жаман емес, тек құрылыс, тапсырылған тұрғын үй, көлік тасымалы және бюджет қаражатын игерілуі бойынша сәл ғана артта қалушылық бар.
Құрылыс бойынша облыстық көрсеткішке Меркі ауданыңдағы жұмыстардың сылбырлығы өзінің теріс әсерін тигізген. Ал, тауар айналымы бойынша Шу ауданы артта қалып отыр. Сарысу ауданында бюджет қаражатының игерілуі ойдағыдай емес.
— Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін барлық бағыттар бойынша көрсеткіштерді жақсарту қажет. Бүгінде көлік салығы бойынша бюджет берешегі байқалуда, қарыздар қайтарылуы тиіс. Осыған байланысты полиция департаментінің басшылығына нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Тараз көшелерінде автоматтандырылған «Сергек» бейнебақылау жүйесін енгізуді жеделдету керек. Бюджет берешегін жою бойынша жұмысқа аудан әкімдерінің де белсенді атсалысқаны маңызды, — деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ, басқосу барысында өткен жылыту маусымының қорытындылары да қаралып, ТКШ саласындағы алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев Жаңатас қаласының қазандығындағы апатты есептемегенде, облыс бойынша өткен жылыту маусымы аяқталғанын атап өтті. Жаңатастағы жағдай бойынша барлық кінәлілер қызметінен босатуға дейінгі тиісті жазаларға тартылды. Жылыту маусымын аяқталып, жылу берушілер үйлерді кезең-кезеңмен ыстық суға қосуды қамтамасыз етті. Рас, алғашында тұрғындар судың температурасына қатысты шағымданғанымен, қазіргі уақытта ыстық су белгіленген стандарттарға сәйкес берілуде.
Жаңа жылыту маусымына дайындық жұмыстарына қажетті бюджет қаражаты қарастырылған. Көмірмен жұмыс істейтін қазандықтар газға біртіндеп ауыстырылатын болады. Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында алғашқылардың бірі болып жаңғырту жұмыстары басталды. Жалпы, облыс бойынша 156 нысанда жылу жүйелерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуге тиіс, оның 33-і бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленген. Қордай ауданында 86 қазандық, Шу ауданында – 18, Талас ауданында – 17, Т.Рысқұлов ауданында – 16 қазандық жаңғыртылуға жатады.
Осы мәселелерді саралай келе, облыс әкімі өткен жылыту маусымының қателіктерін егжей-тегжейлі талдап, олардан тиісті сабақ алу қажеттігін баса айтты. Мазутты жеткізу бойынша мәселелерді реттеу керек, ал жылыту маусымында оны ұқыпты, үнемді пайдалану қажет. Жауапты тұлғаларға коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың дебиторлық берешегін жою туралы тапсырмалар жүктелді.