Нұрғиса Тілендиевтің қазақтың классик әншісі Байғали Досымжанов жайында естелігі

0 37

Бүгін қазақ қандай жайсаң ұлынан айырылғанын біле ме? Байаға (Байғали Досымжанов) қазақтың тенор дауысты классик әншісі, әншілердің реформаторы еді. Себебі, халық әндерін де, қазіргі заман композиторларының шығармаларын да классикалық деңгейге жеткізуде оған тең келер әнші жоқ. Ол – қазақтың болашақ әншілік мектебін жасап кетіп еді.

Ахмет аға Жұбанов: «Байғали өнерге де, мінезге де бай. Біртуар талант.» дейтін. Мұқан аға Төлебаев болса, оның биязы мінезіне сүйсінгенде ылғи: «Байғали табиғаттың жарата салған нәзік талшыбығы ғой, жел соқпаса да иіліп тұратын» деп отыратын.

Опера театрында екеуміз бірге қызметтес болып жүргенде ол біздің үйге жиі келетін. Сонда анам Салиқа Байекеңді туған баласындай еркелетіп: «Менің жібек ұлым келді ғой» деп қуана құшағына қысар еді. Ағамыздың адамгершілігіне, жұмсақ мінезіне кім-кім де сүйсінетін. Өмірі пенде болып дүние қумаған жан. Ешкіммен таласып, дауласып жатпайтын. Бәріне риза көңілмен қарап жүргені.

Мұқан ағаның «Байғали – қазақтың Лемешеві» деуі тегін емес. Кезінде КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. 1945 жылы өткен Бүкілодақтық музыкант-орындаушылар конкурсының, Германиядағы Бүкілдүниежүзілік жастар фестивалінің лауреаты болды. Кейіннен консерватория профессоры атанды. Мұндай жоғары атақтың бәріне ол еңбекқорлығы, өнерге деген адалдығы арқасында қол жеткізді.
Байғали аға театрдың гүлі еді. Көшеде болсын, үйде болсын екеуміз құшақтасып, амандасып тұрғанымызда, Байағамнан қазақтың кең даласының жұпар иісі аңқып тұрғандай болатын. Жан баласының бетіне жел боп тимеген періште ағам менің! – Күнім-ау, сен батыр емес пе едің! – деп денсаулығым нашарлап қалғанын ести сала ұшып жететін. Күн ара телефон соғып, не болмаса ауруханада жатсам, жаныма келіп отырып, жағдайымды біліп:

– Сүйегі асыл адам ауруға берілмеу керек. Берерің алда әлі, — деген қамқор сөздермен риза етіп, көңілімді көтеріп кетер еді. Бір ғажабы, ол кісі келіп кетсе, жүрегімнің ауырғаны басылып, денем де ширап, кәдімгідей рахаттанып қалушы едім. Қазір ғой ол ағам жоқ. Тумаса да, бірге туғандай болып кетіп едік…

Суретте: Халық артистері (ерлі-зайыпты) – Байғали Досымжанов пен Хадиша Бөкеева

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі жазбасынан

Leave A Reply

Your email address will not be published.