Сот Төреғали Төреәліге тағы да жаза тағайындады

0 27

Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында өз қызметтік міндеттерін орындау кезінде билік өкілдеріне тіл тигізді деген айыппен әнші Төреғали Төреәліге (Төреғали Әлиханов) қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сот осы жылдың 14 маусымында Майлин көшесінде «Lexus» маркалы автокөлік тоқтатылғанын анықтады. Жүргізуші А. полиция қызметкерлерінің заңды әрі бірнеше рет айтқан талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тартып, полиция қызметкерлеріне балағат сөздер айтып, қарсылық танытқан. Осылайша ол өз қызметтік міндеттерін орындау барысындағы билік өкілдерін қорлады», – делінген сот мәліметінде.

Айыпталушының кінәсі іс бойынша жиналған материалдар арқылы дәлелденді: жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптары, видеожазба және тағы басқасы.

Прокурор Т.Төреәліні кінәлі деп тануды және оған 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер оның заңға сәйкес жазалануын талап етті.

Ал айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ.

«Сот жаза тағайындау кезінде іс бойынша айыпты жеңілдететін (5 кішкентай баласының болуы) және ауырлататын (есірткіге еліткен күйде болуы) мән-жайларды назарға алды. Сот қаулысымен А. жоғарыда аталған құқық бұзушылық үшін кінәлі деп танылды және оған 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды», – деп атап өтті қалалық соттың баспасөз қызметінен.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, 14 маусым күні Алматыда есірткіге еліткен көлік жүргізуші полицейлерге бой бермей, оқиғаға орнынан қашпақ болғаны хабарланған еді.

Кейін оның әнші Төреғали Төреәлі екені белгілі болды.

Патрульдік полицейлер жүргізушіні ұстап, медициналық сараптама нәтижесінде оның есірткі қабылдағаны расталды. Сол күні әнші әкімшілік жауапқа тартылды. Ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Кейін Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Төреғали Төрәлінің қамауда ұстау әкімшілік жазасы 17 шілде күні аяқталғанын мәлімдеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.