Сау тіс – денсаулық кепілі екенін бәріміз білеміз. Алайда медициналық көрсеткіш бойынша, халықтың 70-80%-ға жуығы тістің басқа ауруларын былай қойғанда, оның қисайып бітуінен, үстіңгі тістер мен астыңғы тістердің дұрыс беттеспеуінен зардап шегеді. Ең өкініштісі, тістің қисайып бітуі, астыңғы тіс пен үстіңгі тістің дұрыс түйіспеуі бүгінде жылдан-жылға ұлғайып бара жатқан кеселдердің қатарына саналады.
Бүгінде тісін түзету үшін брекет жасататындар көп. Ал мамандардың дәлелдеуінше, қисық тістің себебі – қазіргі тағамның шамадан тыс жұмсақтығы, күш жұмсап шайнауды керек етпейтіндігі. Себебі табиғат тісті қатты нәрселерді де шайнауға лайықтап жаратқан. Ал ондай міндетті жеткілікті атқармады дегенше, оның түбі босап, қисая бастайды. Тіпті жақ сүйектердің тиісінше дамымай қалуы да ықтимал. Соның салдарынан қызыл иекке тіс симай, бірінің үстіне бірі қиқы-жиқы қалыпта орналаса бастайды. Осыған керісінше, кейде нәрестенің тісі тиісті мөлшерден айтарлықтай кем болып туылады. Олар қызыл иекке арасы алшақ-алшақ күйде орналасады. Соның салдарынан кейін тіс қисайып, тіс қатарының кескін-кейпі бұзылады. Мамандар тістің бұлайша сирек бітуіне қазіргі қалыптасқан жағдайлар әсер етіп отыр дегенді айтады. Мысалы үшін, бүгінгі экологиялық жағдай мен қоршаған ортаның бұзылуынан бала ана сүтіне қанып өспейді. Жаңа туған нәресте көбінесе қолдан тамақтандырылады.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz