Жамбыл облысы Сарысу ауданының қос ауылы таза судың игілігіне ие болды

0 4

Жамбыл облысы Сарысу ауданының қос ауылы таза судың игілігіне ие болды. Енді әр үйге желі тартылып, ауыз сумен қамтылатын болды.Бір апта ішінде Арыстанды мен Қызылдихан тұрғындарын қуантқан оңды іс «Аймақтарды дамыту — 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Тұрғындардың қуанышына 30 тамыз ҚР Конституциясы күні Жайылма ауылындағы Қызылдихан елді мекенінде жаңадан «Ауыз су» қоймасы пайдалануға берілді.

Міне, бұл ауылдарымыз да сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр,-дейді Қызыдихандық тұрғындар қуаныштарын жасыра алмай. Қызылдихандағы ауылдықтармен қуанышын бөлісіп құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей салтанатты шараның алқызыл лентасын қиды. Ауылдықтар нысан басында атқарылған ұңғыманы бұрғылау жұмыстары, электр желісін тарту жұмыстары, магистралді су құбырын тарту жұмыстарын аралап, оң бағаларын берді.

Осы ретте айта кетейік, Қызылдихан ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесі құрылысының жобалық сметалық құны 232 929 мың теңгені құрайды, 5 111 метрлік су құбыры бойында 3 бұрғыланатын ұңғыма орнатылған. Бас мердігер –«IMPULSE-LTD» ЖШС. Құрылыс барысында ұңғыманы бұрғылау, электр желісін тарту, магистралді су құбырын тарту жүргізілген. Сонымен қатар су жинау имаратындағы ғимараттардың құрылысы жүруде. Ал, Арыстанды ауылын ауыз сумен қамтудың жобалық құны 242 983,99 мың теңгені құраған. Аталмыш қаражатқа 5 663 метр құбыр тарту жұмыстары мердігер «Интеллект Азия» ЖШС жүргізген. Құрылыс компаниясы су құбыры тарту жұмыстарын аяқтап, резервуарды орналастыру, су жинау ғимаратының темір бетон қоршауын орналастыру, электр желісін тарту, трансформатор орнату жұмыстары атқарды.

Жалпы, Жамбыл облысында орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған 199 елді мекенде 130 мың адам су құбыры бола тұра, суға қосылмағаны анықталған. Алты айдың қортындысымен 34 мың адам құбырға қосылды. Жыл соңына дейін тағы да 30 мың адам су жүйесіне қосылатын болады. Бұл да коммуналдық мекемемен атқарылып жатқан жұмыстың есебінен. Бұған қоса, бюджет бойынша 18 елді мекенге су құбырлары жүргізілуде, оның 10 жобасы іске қосылады, қамту үлесі 56 пайызға жетеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.