Сапарбаев: әлеуметтік көмек төлеуде әр отбасының жиынтық табысы бөлек есептеледі

0
346

Бір үйде бірнеше отбасы тұрған жағдайда, әлеуметтік көмек есептеу кезінде әр отбасының табысы бөлек қарастырылады. Бұл туралы бүгін үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды “ZhambylNews” АА Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Депутаттардың бірі ауылды жерлерде қалыптасқан дәстүр бойынша, бір үйде бірнеше отбасы тұратынын (үйленген үлдар келіндермен бірге үйде қалады) меңзеді.

– Көмекті есептеген кезде жиынтық табыс есепке алынады. Неге табыс әр отбасыға жеке есептелмейді? Сосын қорадағы төрт түліктен түсетін табыс есепке алынады. Малдың да жем-шөбі бар, осы жағынан қалай болады? – деп сұрады депутат.

Сапарбаев “егер бір үйде немесе бір отбасында үш немесе төрт отбасы болса, онда әр отбасының табысы жаңа ереже бойынша есепке алынады” деген жауап берді.

– Екінші сұраққа келсек, былтырғы заң бойынша жиынтық табысты есептеуде қосалқы шаруашылықтың табысы да есепке алынатын. Енді ондай шаруашылықтың табысын есепке алмау туралы тапсырма берілді, – деп қосты ол.

Депутат сондай-ақ “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша өңірлерде баспана алуға бөлінетін субсидияларды арттыруды ұсынды.

– “Дипломмен ауылға” бағдарламасының аясында біз қай жерде баспананың қанша тұратынын саралап, одан кейін үй алуға берілетін көмек көлемін арттыруға тырысатын боламыз, – деген жауап берді министр.

Оның сөзінше, мәселе азаматтардың тіркелуінде жатыр.

– Азаматтарды тіркеу үнемі жүргізіліп отыруы тиіс. Жұмыспен қамту, балабақшаға, мектепке орналастыру мәселелері тіркеуге келіп тірелуде. Азаматтарды тіркеу бойынша қазір Ішкі істер министрлігі үлкен жұмыстар атқаруда. Мысалы, Астананың өзінде бір азамат үш-төрт жерде тіркеуде тұрады кейде. Ал енді біреулер еш жерде тіркеусіз жүр, – деп түсіндірді Сапарбаев.

Астанаға келетін кей қазақстандықтар жылдар бойы тіркелмей жүре береді, сол себепті олар әлеуметтік көмектер мен мемлекеттік қызметтерден қағылып келеді.

– Фактілер ашылып жатыр, Астананың төңірегінде 2-3 жыл бойы тұрса да, әлі еш жерде тіркеуде жоқ. Ондай отбасыларда тіркелмеген мүгедектер де болуы мүмкін. Тіркеу болмаса, олар ешқандай әлеуметтік көмек ала алмайды, – деді министр.

Министр сондай-ақ тіпті кей әкімдіктердің жәрдемақы төлеуден жалтару үшін азаматтарды тіркемейтінін айтты. Бірақ бұл мәселе кезең-кезеңмен шешіледі, деді.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here