Жуалыда құнарлы мал азығы сүрлем бастырылуда

0 4

Ақтөбелік кәсіпкер Керімхан Мейірханұлы дала аруының әр гектарынан 45-50 центнерден өнім алып, сүрлем бастыруда, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Ақтөбе ауылдық округінің шаруалары құнарлы мал азығы үшін сүрлем дайындауға бел шеше кірісіп кетті. Атап айтсақ, округтегі «Андрей» және «Абзал» шаруа қожалықтары 20 гектар алқапқа егілген жүгеріні жинауды бастап кетті. Қожалық иелері одан құнарлы мал азығын дайындап, ауыл тұрғындарына сатуды жоспарлауда.

Бүгінде «Мұхиддин» шаруа қожалығы 25 гектарға себілген дала аруын орып, мал азығын бастыруда. 2001 жылы құрылған шаруа қожалығы егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен айналысуда.

Қожалықтың төрағасы Керімхан Мейірханұлының айтуынша, қожалық жұмысын «Сыбаға» бағдарламасы аясында мал алып бастапты. Ал екі жыл бұрын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан қомақты несие алып, Ресейден асыл тұқымды қараала сауынды сиыр алып келген. Қазіргі таңда 30 бас жергілікті, 40 бас асыл тұқымды сиыр сауып, одан күндігіне 400-450 литр сүт өндіруде. Сүтті Тараз қаласындағы «Көкжиек» сүт зауытына өткізуде.

Негізінен қожалық сүт бағытында жұмыс істейді. Шаруашылықтың бүгінде 120 гектар жайылым, 130 гектар егістік алқабы бар. Техникадан шаруаға жарап тұрған екі «МТЗ-80» маркалы тракторы мен ауыл шаруашылығы тіркемелері. Биыл техника күшімен 20 гектарға арпа, 10 гектарға бидай, 25 гектарға жүгері себіліпті. Бұдан бөлек жоңышқалығы бар.

— Биыл егіс алқабына 750 килограмм жүгерінің дәнін септік. Екі алқаптың біріне «Машук-319», екіншісіне «Будан» сұрыпты жүгері тұқымын сепкен едік. Алғашқының дәнін алдық. Ал «Будан» сұрыпты жүгеріні орып, сүрлем әзірлеудеміз. Сүрлемнің шығыны аз. Әрбірден кейін ол сауынды сиырлардың сүті көбейтуге таптырмас құнарлы мал азығы. Сүрлем мен пішендемені жылда өз малымызға жететіндей етіп дайындаймыз. Қыс айларында бір сиыр 10-15 литрден сүт береді. Менің сүрлем әзірлеумен айналысқаныма бес жыл болды. Оның пайдасын жақсы білеміз. Дала аруының әр гектарынан 45-50 центнерден өнім алудамыз. Түгелдей орылып, арнайы әзірленген шұңқырға тасталынады, — дейді қожалық төрағасы Керімхан Мейірханұлы.

Одан бөлек, Керімхан Мейірханұлы алдағы жоспарларымен де бөлісіп, жаңбырлатып суғару технологиясын орнатқалы жүргенін жеткізді. Алдағы уақытта егістік көлемін 40 гектарға дейін арттырмақ ниетте.

Leave A Reply

Your email address will not be published.