Асанәлі Әшімовті еске алуға арналған шахмат турнирі басталды

0 70

Сарысу ауданында Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ киносы мен театр өнерінің көрнекті өкілі Асанәлі Әшімовті еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы ашық шахмат турнирінің салтанатты ашылуы өтті. Ауқымды спорттық дода Жайылма ауылындағы Бөрібай Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінде ұйымдастырылды.

Сарысу өңірі – елге танымал өнер қайраткерлері мен қоғам қайраткерлерін дүниеге әкелген қасиетті мекендердің бірі. Солардың қатарында қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Асанәлі Әшімовтің есімі ерекше құрметпен аталады. Жерлес тұлғаның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін өнеге болып табылады. Осыған орай ұйымдастырылған шахмат турнирі даңқты тұлғаның жарқын бейнесін ұлықтауға және жас буынға насихаттауға бағытталды.

Турнирдің ашылу рәсіміне аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, жарысқа жиналған жас спортшыларға және қонақтарға ізгі тілегін жеткізді. Өз сөзінде аудан басшысы соңғы жылдары Сарысу ауданында спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, аудан көлемінде түрлі деңгейдегі облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Сәкен Үмбетұлы бүгінгі турнирдің маңызына тоқталып, мұндай жарыстардың жас шахматшылардың шеберлігін арттыруға, олардың тәжірибе алмасуына және зияткерлік спорт түрлерін дамытуға оң ықпал ететінін айтты. Сонымен қатар ол Асанәлі Әшімовтің есімін ұлықтауға арналған бұл шараның ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастардың туған жер тарихы мен танымал тұлғаларына деген құрметін арттыратынын атап өтті.

Салтанатты жиында сөз алған Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова турнирді ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жерлесінің есімін құрметтеп жатқан аудан жұртшылығына ризашылығын жеткізді. Ол жастардың білім мен спортқа ден қоюы ел болашағы үшін маңызды екенін айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ аудандық билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек сөз сөйлеп, Асанәлі Әшімовтің қазақ өнеріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Ол жас буынның осындай тұлғалардың өмір жолынан тағылым алып, елге қызмет етуді мақсат тұтуы қажеттігін жеткізді.

Биылғы турнирге еліміздің әр өңірінен келген жас шахматшылар қатысуда. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Тараз қалаларынан, сондай-ақ Түркістан және Жамбыл облыстарынан барлығы 130 жас спортшы бақ сынауда. Бұл жарыс турнирдің ауқымы кеңейіп, оның беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Жарыс барысында қатысушылар өзара бірнеше кезең бойынша сынға түсіп, логикалық ойлау қабілеті мен шеберліктерін ортаға салады. Турнир жас шахматшылар үшін тәжірибе жинақтауға, жаңа достар табуға және кәсіби деңгейлерін арттыруға мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жастар арасында шахматты кеңінен насихаттауға, интеллектуалдық спорт түрлеріне қызығушылықты арттыруға және талантты спортшыларды анықтауға ықпал етеді. Сонымен қатар Асанәлі Әшімовтің есімін ұлықтауға арналған турнир ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.

Жарыс бірнеше күнге жалғасып, қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен жас шахматшылар арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.