Басты назарда – балалардың қауіпсіздігі мен амандығы

0 37

Бала – қоғамның ең қымбат қазынасы, елдің ертеңі мен болашағының кепілі. Сондықтан балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасау, денсаулығын сақтау және жан-жақты дамуына қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып саналады. Әрбір баланың қауіпсіз әрі бақытты ортада өсіп-жетілуі мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігі мен өзектілігі Қордай ауданы әкімдігінде өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия отырысында жан-жақты талқыланды.

Маңызды жиынға Жамбыл облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Даурен Бағжанов арнайы қатысып, өңірдегі балалардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға баға берді. Сонымен қатар отырысқа комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, ауылдық округ әкімдері, білім беру және денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысып, өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

Отырысты аудан әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Нұрболат Сатымқұл ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тек жекелеген мекемелердің ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және ата-аналардың бірлескен іс-қимылын қажет ететін маңызды мәселе екенін атап өтті. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше тоқталды.

Айта кету керек, комиссия отырысы басталғанға дейін бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл бастаған арнайы жұмыс тобы аудан аумағындағы жазғы демалыс орындарына мониторинг жұмыстарын жүргізді. Рейд барысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру сапасы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, санитарлық жағдайлар және су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары тексерілді. Әсіресе шомылу маусымы кезінде балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мәселесіне баса назар аударылды. Мониторинг қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге нақты ұсыныстар беріліп, жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Негізгі баяндамамен сөз алған Нұрболат Сатымқұл аудан әкімдігінің тапсырмасына сәйкес жыл басынан бері тәуекел тобындағы отбасыларды анықтау және олардың әлеуметтік жағдайын зерделеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның мәліметінше, аудандық полиция бөлімінің профилактикалық есебінде тұрған отбасылардан бөлек, әлеуметтік қолдауды қажет ететін және түрлі тәуекел факторлары бар 282 отбасының әлеуметтік картасы жасақталған. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасыларға дер кезінде көмек көрсету және балалардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу.

Сонымен қатар ауданның барлық ауылдық округтерінде арнайы мобильді топтар құрылған. Аталған топтардың құрамына білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және құқық қорғау салаларының мамандары енгізілген. Олар тұрақты түрде отбасыларды аралап, балалардың тұрмыс жағдайын бақылап, қажетті қолдау көрсету жұмыстарын жүзеге асыруда. Мұндай жүйелі шаралар балалардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алуға, сондай-ақ олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.

Жиында балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға да ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 20-25 мамыр аралығында комиссияның ұйымдастыруымен «Қозғалыс қауіпсіздігі» атты кең көлемді акция өткізілген. Акция барысында әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жол қозғалысы ережелерін сақтау жөніндегі ақпараттық материалдар жарияланды. Сонымен қатар тұрғындар арасында 245 арнайы жадынама таратылып, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері түсіндірілді.

Комиссия хатшысы Алина Почуева да сөз алып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады. Ол балалардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және олардың бос уақытын тиімді өткізу болды. Осы мәселе бойынша, аудандық білім бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов баяндама жасап, білім беру ұйымдарының жазғы кезеңге толық дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, жазғы демалыс кезінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың сауықтыру лагерлерінде және түрлі танымдық шараларда уақытын тиімді өткізу бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған.

Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі де кеңінен сөз болды. Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Балпукова аудан көлемінде жұмыс істеп жатқан шығармашылық үйірмелер, мәдени-демалыс бірлестіктері мен өнер бағытындағы жобалар туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, балалар мен жасөспірімдерді мәдени іс-шараларға тарту олардың рухани дамуына және бос уақытын пайдалы өткізуіне үлкен мүмкіндік береді.

Ал аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айжан Қазығұлова жастар арасында бұқаралық спортты дамыту және балаларды спортқа баулу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Бүгінде аудан бойынша түрлі спорт секциялары жұмыс істеп, жүздеген бала тұрақты түрде спортпен шұғылдануда. Бұл өз кезегінде жасөспірімдердің денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың тәртіпті әрі белсенді азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

Ал, Қордай аудандық полиция бөлімінің өкілі Анастасия Басова балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап түнгі рейдтер және профилактикалық іс-шаралар жөнінде ақпарат берді.

Отырысты қорытындылаған Жамбыл облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Даурен Бағжанов балалардың құқықтарын қорғау ісіндегі ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығына тоқталды. Ол қауіпсіз әрі бақытты балалық шақ қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.