Жаңа Үкімет экономика өсімін 6 пайызға жеткізу үшін не істемек

0 10

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстан экономикасын 6 пайыз өсімге шығару үшін қандай шаралар қабылданатынын айтты.

«Жылдың алғашқы айы төмен көрсеткішпен басталып отыр. Мұны мойындау керек. Ал алдымызда экономиканың кем дегенде 6 пайыз өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін қандай қосымша шаралар қабылданады?» деп сұрады Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Министр үш салаға баса мән берілетінін айтты.

«Ең бірінші мемлекеттік шығыстарды толық игеруіміз керек. Оның ішінде баса назар аударатын сала — бюджеттік инвестицияны игеру және мемлекеттік сатып алуды толық қамтамасыз ету. Бұл жерде отандық тауар өндірушілерге баса назар аударуымыз қажет.  Екіншіден, басты драйверлер — құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен көлік салаларындағы инвестициялық жобаларды қарқын жүзеге асыруымыз керек. Тағы бір резерв — орта және шағын бизнесті одан әрі дамыту. Бұл жерде мемлекеттік қолдау арқылы екінші деңгейлі банктердің 1 трлн теңгеден аса ақшасын жұмылдыру көзделіп отыр», — деді ол.

Нұрлан Байбазаров негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 22 трлн теңгеден түсірмеуге талпынатынын айтты.

«Сонымен қатар, „Бәйтерек“ және „Самұрық“ холдингтерінде іске асып жатқан ірі жобалар бар. Соларды игеруіміз керек. Оларда бос резерв ақша бар. Соны біз қарастырып жатқан жаңа жобаларға бағыттау керек. Бұл жерде үлкен жұмыс бар. Негізгі капиталға салынатын инвестиция 22 трлн теңгеден кем болмауы керек. Бұл жерде бізге көмектесетін тағы бір фактор — шетелден келетін тікелей инвестиция. Мұның деңгейін 25 млрд доллардан түсірмеуіміз керек. Осы айтылған салалардың бәрінде ойдағыдай жұмыс істесек, 6 пайыз өсімді қамтамасыз ете аламыз», — деді ведомство басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.