Өрнек ауылының малсақ тұрғындары пилоттық жоба арқылы қолындағы бірді-екілі малының басын көбейтуге мықтап ден қойған. Бұрын қаражаттан қысылатын, қазір мемлекеттік бағдарламалар демеу болып тұр.Мәселен, бұл ауылдан 50 адам 1570 бас уақ мал, 164 бас жылқы және 42 бас мүйізді ірі қара алып жобаның шарапатын көріп отыр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттгігі.
Бұдан бөлек, 2,5 пайыздық несиемен үй іргесіндегі жерлерін де тиімді пайдаланып, бау- бақша өсіріп, техникаларын сайлап алған. Біз өткен жолы арзан несиемен, қорасындағы мал басын 11 ірі қарамен көбейтіп отырған Жұматхан Жұмабайдың шаруасымен танысып қайтқан едік.
Жұмыс десе ішер асын жерге қоятын Жұматхан мал өсірудің қыр-сырын жетік меңгерген екен. Қора-қопсысы да ыңғайластырып соғылған. Бір сөзбен айтқанда, малсақ екені көрініп тұр. Аптап ыстықта жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп, жемшөп қорын да молынан жиған. Жұмекеңнің алға қойған мақсат- жоспарлары да ауыз толтырып айтарлықтай. – Біздің өңір мал өсіріп, шаруаны өрге дөңгелетуге қолайлы. Пилоттық жобаның пайдасы тимесе, зияны жоқ. Осы жоба арқылы қаншама отбасы тұрмыс жағдайын көтеріп, ауыздары аққа, қазандары майға толып отыр десем, артық болмас. Өз басым алдағы уақытта мал тұқымын асылдандыруды жоспарлап отырмын. Осы сиырлардың тұқымын асылдандыруды қолға алсам деймін. Себебі өнімі мол, күй талғамайтын асыл тұқым қымбат болса да, өзін-өзі ақтап шығады. Мал төлінен өседі емес пе?! Мысалға, ангус тұқымды сиыр малы тез салмақ жинайды.
Егер жақсылап күтіп бақса, тірідей салмағы 800-900 келіге дейін жетіп қалады. Сондықтан алдағы уақытта сиырларды сұрыптап алып, басын көбейтемін деп отырмын, – дейді Жұматхан Жұмабай. «Береке белсенгенге бітеді», «Мал бақсаң асылын бақ» деп жатады ел ағалары. Шаруаның көзін тауып, төскейді малға толтырып отырған жандарға береке дарысын.