Қазіргі таңда психологтардың қатысуынсыз көптеген әлеуметтік мәселелерді шешу оңай емес. Соңғы жылдары психология саласына деген сенім мен оның рөлі артып, өмірдің көптеген салаларына оң әсерін тигізіп жатыр. Әсіресе, мектеп пен балабақшадағы психолог мамандар жұмысының маңызы мен жауапкершілігі арта түсуде.
Бүгін «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Отбасы – бақыт мекені» атты мектеп психологтарына арналған облыстық тәжірибелік конференция өтті. Шараның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды сақтап қалу, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасындағы кедергілерді жою, яғни, гаджеттер мен телефонға тәуелділігін бәсеңдету, смартфонды шектен тыс пайдалану адам денсаулығына, өміріне кері әсерін тигізетінін ұғындыру.
Конференция жұмысын Жамбыл облысы әкімі аппаратының жетекшісі Мәди Мәтен өзінің алғысөзімен бастады. Жаңа оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылып отырған жиынға сәттілік тілеп, облыста жаңа идеологиялық концепция жасалып жатқанын, соны идеяларға әрдайым ашық екенін айтты.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек: “Алдағы уақытта облыс бойынша 570 психолог мамандарының білімін жетілдіру көзделіп отыр”-деді өз сөзінде. Демек, бұл психологтарға деген талаптың күшейе түсетінін аңғартады.
Жамбыл облысы әкімдігі білім беру басқармасы жанындағы Облыстық ата-аналар қауымдастығының төрағасы Ринат Нұрақбаев: “Үйіңізге жұмыстың бар ауыртпашылығын арқалап бармау үшін, аптасына бір рет әр мекемеде отбасы сағатын өткізу керек”,-деген ұсыныс білдірді.
М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ аға оқытушысы, «ТALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов өз баяндамасында: «Қазіргі таңда мектеп психологтарының орнын өздерін әлеуметтік желіде «коуч-психолог» деп атайтын мамандар тартып алғандай. Себебі, ата-аналар білікті психологтарға қарағанда, жарты жылдық курс оқып-ақ «маман» атанған жандарға жүгінуге құмар»,-деп бүнгінгі күннің өзекті мәселесін көтерді.
М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ «Ұстаз» институты «Педагогикалық психология» кафедрасының доценті Махаббат Оспанбаева баланың гаджетке тәуелділігінің басты себептері: отбасындағы жылулықтың тапшылығы, педагогикалық назардан тыс қалу, баланың бос уақытын ұйымдастырмау, еңбекке араласуды ынталандырмау, өзін-өзі жеткілікті бағаламау деп түсіндірді. Аталған бес түрлі фактордың пайда болу салдары мен оны шешу жолдарымен де бөлісті.
Бұдан бөлек, конференция барысында баланың эмоционалдық тұрақсыздығы, жеткіншектердің суицидке бару себептері секілді мәселелер де қызу талқыға түсті. Пленарлық мәжіліс өз мәресіне жеткен соң, психолог мамандар үш түрлі секцияға бөлініп, «Балалар арасындағы аутодеструктивтік мінез-құлықтың алдын алу», «Қыз бала тәрбиесінің психологиялық аспектілері», «Гаджетке тәуелділіктің әлеуметтік-психологиялық зардаптары» тақырыбында әңгіме өрбітті. Конференция соңында қатысушылар жоғарыда қарастырылған мәселелерді шешудің тиімді жолдары туралы ақпараттармен қаруланды.