Жамбыл облысында индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылға дейін өңірлерде шағын және орта бизнесті дамыту үшін қарқынды жұмыстар жасалынып келеді. Бұл туралы ӨКҚ өткен брифингте қала әкімі Рүстем Дәулет айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.
Қазіргі таңда индустрияландыру бағыты бойынша қосымша екі инвестициялық жоба жоспарланған. Атап айтар болсақ, «Минералды тыңайтқыштар зауыты» аммофос өндіру технологиялық желісін кеңейту бойынша жұмыстар жасалынуда. Жобаның құны 8,0 млрд теңгені құрайды. Мұнда өндіріс қуаты жылына 500 мың тоннаға дейін артады.
Сондай-ақ, «GOODLOOK» ЖШС-і күнбағыс майын өндіру ісін бастауды қолға алмақ. Жобаның құны 1 млрд 264 млн теңгені құраса, жылдық қуаттылығы 160 000 тоннаға тең. Осыған сәйкес, 36 жаңа жұмыс орны ашылады.
Тағы айта кетерлігі, қосымша инвестициялар тарту мақсатында Тараз металлургиялық зауытында (бұрынғы «Химпром» АҚ) индустриялық аймақ үшін 48,8 га жер бөлінді. Қазіргі уақытта 4 инвестор өз жобаларын жүзеге асыруға ниет білдірді. Олар, жеке кәсіпкер «Госстандарт» жобасы мотор майын сақтауға және құюға арналған алаң салу үшін «АВЕРО» ЖШС-і 30 матрацтар түрін өндірсе, «Энергия Тараз» ЖШС-і — электроқұралдар мен «Ekojer» ЖШС-і — қоқыс өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр.