Жамбыл облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өңірде менингит жұқпасына қатысты алаңдауға негіз жоқ екенін мәлім етті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазіргі таңда бізде бәрі тыныш. Менингитке шалдығу жағдайы қаңтар айында тіркелді. 19 жастағы студент науқастанып, уақтылы дәрігерге қаралды. Жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап, сауығып кетті. Онымен байланысқа түскен адамдардың бұл инфекцияны жұқтырмағаны анықталды», — деді Жамбыл облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Берік Жарқымбеков.
Берік Жарқымбековтің айтуынша, облыста менингококк инфекциясына қарсы белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Кәсіпорындарды аралап, ақпараттық жұмыстар жүргізудеміз. Тұрғындарға аурудың профилактикасы туралы хабар таратып жатырмыз. Дәрігерлер аталған індетті алғашқы белгілеріне қарап бірден анықтай алады. Бастысы — уақтылы дәрігерге қаралу. Сонда ғана оны емдеуге болады. Біздің емдеу мекемлерімізде менингитке шалдыққандарға алғашқы көмек көрсетудің нақты алгоритмі жасалған», — деп түсіндірді ол.
Жамбыл облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшылсының ұсынымы бойынша, менингококк инфекциясын жұқтырып алмау үшін белгілі бір профилактикалық шараларды қолдану қажет.
«Ең алдымен, медициналық маска режимін сақтау керек. Таза ауада серуендеп, күннің көзіне жиі шығу қажет. Адамдар көп жиналатын іс-шараларға азырақ барған жөн. Профилактикалық шаралар ретінде үйді немесе ғимаратты ылғалды тазалап, желдету керек. Салауатты өмір салтын ұстанып, ағзамыздың иммунитетін көтеруге тиіспіз», — деді Берік Жарқымбеков.