Қазақ — ежелден мұсылман халық. Қазақ қоғамының ұлт болып қалыптасуына ислам діні мен төл дәстүріміздің әсер ету тұстарын қарастыратын болсақ, дін мен дәстүрдің ажырамас бір ұғым екенін аңғаруға болады. Екеуінің де мақсаты – адамды іштей тәрбиелеу. Дегенмен бұл құндылықтардың жекеленген орындары бөлек.
Ислам діні өз негізін құран және сүннетпен бекітсе, дәстүр – ол қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақталған рухани асыл мұрасы. Қазақ елі әу бастан пайғамбар сүннетін өз ортасына бейімдеп, өмір сүру жолының шамшырағы етіп, оны іс жүзінде орындауға, күнделікті әдетке айналдырған. Қазақ халқы ұрпақтан ұрпаққа берілетін дәстүрлі діннің ала жібін ажыратып, оны күнделікті орынды пайдалана білген. Осы уақытқа дейін бізге үлгі боларлық қазақ даласынан шыққан ұлы тұлғалардың — өз шығармалары мен өлең жолдарында ислам құндылығымен біте қайнасатын көптеген дүниелер кездеседі. Сондықтан, біз қазақ зиялы қауымының туындыларын, өлең жырларын, ертегі шығармаларын оқыған кезде олардың діни көзқарасын білеріміз анық.
Бұл тұрғыда ата-бабамыздан өсиет болып қалған, мағынаға толы көптеген нақыл сөздерді тілге тиек етсек болады. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, қазақ даласына сонау VIII ғасырдың орта шебінде-ақ, ислам өркениеті келіп, қазақ салты мен ислам шариғаты сабақтасып үндескен. Құран аяттары мен Пайғамбар хадистері, қазақтың нақыл сөздеріне айналып, оны біз хадис деп талдамай, мақал-мәтел деп білдік. Ал, түптеп келгенде қазақ мақал-мәтелінің мағынасы пайғамбардың сөзімен астарлас екендігі белгілі. Мысал ретінде айталық «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», «Шариғат-ағып жатқан бұлақ, бұрынғының сөздері-жағалай біткен құрақ», «Тіріге-сәлем, өліге-бата», «Көп қайда болса, құдай сонда» демекші басқа да көптеген дана сөздерге, ұлтымыздың рухани асыл қазынасы толы екендігін көруге болады.
Осындай, ата-баба жырларын, қанатты сөздерін оқи келе, жастарымыз дұрыс адами қасиеттерді бойына сіңіре білді. Яғни, түптеп келгенде біздің рухани байлығымыз, менталитетіміз, ұлттық тәлім-тәрбиеміздің барлығы дерлік, саралай келе, осы Ислам дінінің негізінен алынғандығын көре аламыз.
Екінші жағынан, біз ислам дінін имамдықпен, молдалық және мешітпен шектейтін болсақ ол қате түсінік. Керісінше, ислам — адам өмірінің барлық қырларын қамтитын, бала тәрбиесінен бастап, қалай ішіп-жеуімізге дейін, тіпті адаммен қарым-қатынас, ата-ана алдындағы міндеттер мен мемлекет басқару ісіне дейін қарастыратын мәдениет қалыптастырушы сенім жүйесі. Ислам діні — белгілі бір кезеңмен шектелмейді, ол барлық кезеңге, барлық қоғамға жауап беруі тиіс. Егер, ислам келгеннен кейін қазақ даласында мәдениет қалыптасты дейтін болсақ, бұл жаңсақ пікір болады. Себебі, дәстүр, тарих, тіл және т.б.- бұлардың барлығы мәдениеттің құрамдас бөліктері. Кез келген халықтың ұлттық өзіндік мәдениеті болуы заңды. Әрбір ұлттың өзіне тән мәдениеті — халықтың санасына, мінез-құлқына және басқа да табиғи сенім-нанымына негізделеді.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының құндылығы бүгінгі күнге дейін шариғатпен толықтай ұштасып, үндескен. Қазақ мәдениеті мен мұсылмандығы, діни танымы ислам өркениетінің барлық қабаттары арқылы бөлінбес бөлшегіне айналған. Ондағы кез келген құбылыс, салт дәстүр, жалпы құндылықтар ислами негізде болмысқа айналған.
Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының міндетін уақытша атқарушы Н.Қанатов.