Жамбыл облысында 6 айдың көлемінде 59,1 мың тонна мал мен құс еті өндірілді

0 0

Ағымдағы жылы қаңтар-шілде айында шаруашылықтың барлық санаттарында тірідей салмақпен 59,1 мың тонна мал және құс еті өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 104 пайызды құрады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі.

Сондай-ақ, осы уақыт аралығында әр сауын сиырдан сауылған сүт орта есеппен 1561 келіні құрап, 5,2 мың тоннаға артты.

Құс етін өндірушілердің бірі «Әулие- Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Үдемелі  индустриялық-инновациялық бағдарламасы бойынша облыста өткен жылдың соңында іске қосылған ірі жобаның бірі. Құс етіне деген өңір халқының сұранысын толыққанды қанағаттандыру мен эспорттық тауар өндіру мақсатында салынған фабрикаға артылып отырған жүк ауыр. Ол бұрынғы Кеңес үкіметі тұсындағы алып құс фабрикасының даңқын қайта жаңғыртып, бастапқы жоспарын іске асыратын болса, облыс қана емес, ел экономикасына айтарлықтай қомақты үлес қосқан болар еді. Мұнда жылына 3500 тоннадан аса  құс еті өндіріледі. Бүгінде 130 азамат осы фабрикадан тұрақты жұмыс тапқан. «Бизнестің жол картасы  – 2020» бағдарамасы арқылы қажетті қаражатқа қол жеткізген серіктестік басшысы Фарида Жүнісова мемлекет тарапынан бизнес бастамаларға көрсетіліп жатқан көмек үшін риза екенін айтады. «Қуаттылығы жылына 4 мың тоннаға дейін құс етін өндіретін біздің «Әулие-Ата Феникс» фабрикасы өткен жылдың соңында іске қосылған болатын. Жоба құны – 2 млрд АҚШ долларын құрайды. Аталған қаржы «ҚазАгро қаржы» ұлттық холдингінің қаржыландыруы есебінен алынды. Бөлінген бұл қаржыға бұрынғы құс фабрикасынан қалған ғимараттарды жөндеп, бройлерді бағып-күтуге арналған, құс қорасын жылыту және басқару жүйесі, инкубациялық және тоңазытқыш, құрама жем өндірісі, сою желісі жабдықтарын сатып алған болатынбыз. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде жұмысын бастаған кәсіпорын облыс тұрғындарын сапалы, экологиялық таза құс етімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің өңір қой, сиыр, жылқы етінен тапшылық көрген емес. Ал аймаққа құс етінің 80%-ы сырттан жеткізіледі. Енді жаңа фабриканың іске қосылуымен бұл мәселе де жолға қойылады. Кәсіпорын облыс экономикасына айтарлықтай үлес қосумен қатар, жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтуда да үлкен көмек көрсетіп отыр. Мұнда «халал» стандарты бойынша жоғары сапалы құс еті шығарылады. Өнім жергілікті нарықпен қатар, Қазақстанның өзге өңірлеріне өткеріледі. Алдағы уақытта Ресей, Қытай, Вьетнам сынды елдерге өнімді экспорттау қарастырылып жатыр, – дейді серіктестіктің бас директоры.

Ал әр мекиен тауықтан алынған жұмыртқа 102 дана болса, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өндірілген жұмыртқа 910,8 мың данаға артқан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.