Жамбыл облысында «Әулиеатаның киелі жерлерінің» электронды картасын дайындау жобасы бекітілді

0 10

Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Әулиеатаның киелі жерлерінің» электронды картасын дайындау жобасы бекітілді. Бұл туралы бүгін Таразда «Киелі Қазақстан: Тараз – тарих айнасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі.

Жобаның мақсаты — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қасиетті орындар ұғымын халықтың жадына сіңіру арқылы қоғамдық сананы жаңғырту болып табылады.

Жобаны жүзеге асыру үшін Жамбыл облысы көлемінде орналасқан ескерткіштерді саралауға еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен Ұлттық Университеттері және жергілікті ЖОО тарихшы, этнограф, өлкетанушы ғалымдарынан тұратын сарапшылар кеңесі мен жұмысшы тобы құрылды.

Сондай-ақ, киелі орындар туралы ақпарат алуды ыңғайлы ету үшін арнайы сайт жасалады. Сайт толық функционалды, үш тілдегі ақпарат көзі болады деп күтілуде.

Арнайы сайтта «Әулиеатаның қасиетті орындарының» 3Д форматы және олардың мультимедиялық өнімдері дайындалып, Әулиеатаның киелі жерлеріне қатысты ақпараттық материалдар, бейнематериалдар, ескерткіштер туралы роликтер, фотосуреттері және өзге де ақпараттар сайт контенттерінде орналастырылып, қасиетті жерлердің виртуалды онлайн картасы жасалатын болады. Бұл виртуалды картада нысандарды геоақпараттық картографиялауға мүмкіндік беретін деректер қоры жинақталады. Өңірлік деңгейдегі қасиетті жерлердің жекелеген цифрлы төлқұжаттары дайындалады.

Айта кетейік, Жамбыл облысының 80 іскер азаматы өңірдің әлеуметтік-рухани жаңғыруына атсалысып, жалпы құны 817 миллион теңге болатын 23 нысанды пайдалануға берді. Биыл тағы бір жарым миллиард теңгені қамтыған 29 әлеуметтік ғимарат ел игілігіне ашылады. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметов Астанада журналистермен жүздесуде мәлім еткен болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан іс-шаралар туралы әңгімелеген аймақ басшысы, Әулиета жерін қайта түлетуге жергілікті кәсіпкерлер де белсене араласып жатқанын атап өтті. Ежелгі Тараз шаһарының бай тарихын насихаттау мақсатында «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны», «Тәрбие және білімә атты төрт кіші бағдарлама іске асып жатыр. Бұл жұмыстарға 1,7 миллиард теңге жұмсалады. Сонымен қатар, Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы әзірленіп, өңірдің көптомдық энциклопедиясы дайындалады. Аталған жобаларға жалпы 38 миллион теңге бөлінген. Тараз өңірінен шыққан атақты адамдар туралы да арнайы жобалар қолға алынған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.