«Бейбітшілік және келісім керуені» қайырымдылық шарасы Жамбыл облысында жалғасуда

0 4

 Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен   Тұрар Рысқұлов және Меркі аудандарында   «Бейбітшілік және келісім керуені» қайырымдылық акциясы өтті.  Шара барысында жастарға арналған түрлі тренингтер, тарихи орындарға саяхаттар, көшпелі көрмелер ұйымдастырылып,  дәрістер оқылды — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аталған шараға ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктер өкілдері, облыстық ҚХА «Қоғамдық келісім» мекемесінің  мүшелері,  облыстық Аналар кеңесінің жетекшілері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, мүшелері, «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығының мамандары, «Ақсақалдар» кеңесінің төрағалары, аудандық сот өкілдері, медиаторлар, халық шығармашылығы шеберлері қатысты.

100-ге жуық адам тартылған акция Құлан ауылының агротехникалық колледжінде және де Меркі ауданы, Меркі ауылының №9-колледжінде Қоғамдық келісім кеңестері мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мүшелерін «Жаңғырған ауыл» жобасымен  таныстырудан  басталды. Шара барысында  елді-мекендерді  жаңғырту,  жастарды талаптандыру,  адамгершілік-рухани тәрбие беру мақсатында колледж жастары арасында тренингтер өткізілді.

-Бүгінгі дәрістен алған мәліметтерім көп болды. Әсіресе біз сияқты жастар ауылды көркейтуге, өз туған жерімізді гүлдендіруге үлес қосуымыз керек. Биылғы «Жастар жылында» оған көп мүмкіндіктер жасалуда. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Қазақстанды алға дамытамыз десек алғашқы қадамды ауылдан бастауымыз керек,-деді колледж студенті Талас Қожатаев.

Тренингтен соң шараға қатысушылар аудандағы  тарихи орындарға саяхат жасап,  мұражайларды аралады.

Сонымен бірге, «Қазақтану» жобасы аясында «Қазақтың дәстүрлі құндылықтары: отбасындағы әйелдер образы және тәрбие» тақырыбында  Аналар кеңесінің  және  «Медиация — ел бірлігінің негізі» тақырыбында медиаторлардың аймақтық кеңейтілген отырыстары өткізілді.

Сондай-ақ, акция шеңберінде  жастар арасында қауіпсіз ортаны қалыптастыру, қақтығыс және дағдарыстық жағдайларда жастардың медиативтік көзқарас дағдыларын дамыту, белсенділігін арттыру мәселелері де сөз болды.

Сондай-ақ, «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығының бас маманы Сарыбаева Балхаш көп балалы аналарды тегін медициналық тексерістен өткізді.

 Колледж жастары JASTAR JYLY-DANGYL ZHOL» Қазақстан халқы Ассамблеясының  жобасымен таныстырылып, ауданның жұмыссыз, бос жүрген жастарымен кездесулер өткізілді. Олардың тізімі алынып, қанша пайызы жұмыс іздеуде қиыншылыққа ұрынады, «дипломды жұмыссыздық» мәселелерінің өзектілігі негізінде  жастар арасында анкеталық сауалнама жүргізілді.

Ауқымды шараның соңында этномәдени бірлестіктерінің мүшелері аудандағы     жағдайы төмен көп балалы 10 этностық отбасына  қайырымдылық көмек көрсетті. Атап айтқанда, Жамбыл облыстық Өзбек этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бахром Муминов, «Жамбыл облыстық» «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы Руслан Исмазов, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махмутжон Давришев, Қазақстан республикасы «Барбанг» күрділер ассоциациясының Жамбыл облысындағы республикалық филиалы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Латиф Айдаров, «Жамбыл облыстық» «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Зайнуддин Махусеев аз қамтылған отбастарын азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Айта кетейік, Қазақстан халқы ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» ұлттық қайырымдылық науқанының бағдарламасы бойынша еліміздің барлық өңірінде «Бейбітшілік және келісім керуені» қайырымдылық акциясы өтуде. Акциянын мақсаты –қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің басты факторы ретінде қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды орнықтыру, қазақстандықтардың, олардың ішінде балалардың, көп балалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір жағдайлары мен денсаулығына қамқорлықты күшейту.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.