Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесін және құрамын бекіту туралы қаулыға қол қойды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Ақордаға сілтеме жасап.
Төменде қаулының толық мәтіні берілді.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 20) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы ереже;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы бекітілсін.
2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» , — деп жазылған құжатта.
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (бұдан әрі – Ұлттық кеңес) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау болып табылады.
3. Ұлттық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.
2. Ұлттық кеңестің негізгі міндеттері
4. Ұлттық кеңестің негізгі міндеттері:
тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу;
жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау;
жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету;
өзінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру болып табылады.
3. Ұлттық кеңестің құрамы
5. Ұлттық кеңес оның төрағасынан, орынбасарынан, мүшелерінен және хатшыдан тұрады.
6. Ұлттық кеңестің төрағасы (бұдан әрі – Төраға) Қазақстан Республикасының Президенті болып табылады.
7. Төраға:
Ұлттық кеңестің қызметіне жалпы басшылық жасайды;
Ұлттық кеңестің отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;
Ұлттық кеңес төрағасының орынбасарына, мүшелеріне және хатшысына тапсырма береді.
8. Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді.
Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңеске республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар енгізілуі мүмкін.
9. Ұлттық кеңестің шешімдерімен қоғам дамуының жекелеген салалары бойынша жұмыс топтары құрылуы мүмкін.
Жұмыс топтары Ұлттық кеңестің құрамынан құрылады.
10. Ұлттық кеңестің мүшелері:
Ұлттық кеңестің жұмыс жоспары, оның отырыстарының күн тәртібі мен мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;
Ұлттық кеңестің отырыстарына материалдарды, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға;
Ұлттық кеңестің отырысында қаралатын мәселелерді қоғамда талқылауға және түсіндіруге қатысуға құқылы.
Ұлттық кеңестің мүшелері өздерінің өкілеттіктерін басқа адамдарға беруге құқығы жоқ.
Ұлттық кеңестің мүшелерінде Мемлекет басшысы қол қойған, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесінің куәлігі болады.
11. Ұлттық кеңестің хатшысы:
Ұлттық кеңестің жұмыс жоспары жобасының әзірленуін қамтамасыз етеді;
оның отырыстарының күн тәртібі жобасын жасайды;
Ұлттық кеңес отырыстары материалдарының, сондай-ақ хаттамалық шешімдер жобаларының дайындалуын ұйымдастырады;
Ұлттық кеңес мүшелеріне Ұлттық кеңестің кезекті отырысының өтетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды, оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;
жекелеген жұмыс түрлерін жүзеге асыру үшін сарапшыларды, ғалымдарды және мамандарды белгіленген тәртіпте тартады;
өңірлерде көшпелі консультативтік кеңестер өткізеді;
Төрағаның тапсырмалары бойынша өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Ұлттық кеңестің қызметін ұйымдастыру
12. Ұлттық кеңестің отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі, бірақ жылына үш реттен жиі өткізілмейді.
Ұлттық кеңестің отырыстары жалпы пленарлық және тақырыптық болып бөлінеді.
Ұлттық кеңестің отырысында мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, оның құқықтық күші бар деп есептеледі.
13. Ұлттық кеңестің шешімдері оның отырысына қатысып отырған мүшелерінің дауыс беруі арқылы жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Отырысқа қатысушылардың дауыстары тең болған жағдайда Төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
Төраға жекелеген мәселелер бойынша шешімдер қабылдаудың өзге тәртібін өзінің қалауынша белгілеуге құқылы.
14. Ұлттық кеңестің шешімдері Төраға қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
15. Ұлттық кеңестің ұсынымдарын алған мемлекеттік органдар, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер оларды қарайды және қабылданған шешімдер туралы Ұлттық кеңеске Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте хабарлайды.
16. Ұлттық кеңесте талқыланатын мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері мен Ұлттық кеңестің отырыстарында қабылданған шешімдер жұртшылықтың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізіледі, сондай-ақ Интернет желісінде орналастырылады.
17. Ұлттық кеңестің отырыстарына Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңестің мүшелері болып табылмайтын лауазымды адамдар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.
5. Ұлттық кеңестің қызметін қамтамасыз ету
18. Ұлттық кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тиісті құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
19. Ұлттық кеңестің жұмыс органы:
Ұлттық кеңес қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
жүктелген міндеттерді орындауға қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды мемлекеттік органдар мен ұйымдардан сұратады және алады;
жұмыс топтарының қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
Ұлттық кеңес қабылдаған шешімдердің орындалу барысына бақылауды жүзеге асырады;
Ұлттық кеңестің қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы
Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы – Қазақстан Республикасының Президенті, төраға
Көшербаев Қырымбек Елеуұлы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, төраға орынбасары
Қарин Ерлан Тынымбайұлы – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, хатшы
Ұлттық кеңестің мүшелері:
Арыстанбеков Қайырбек Төлендіұлы – Экономикалық саясат институтының президенті (келісім бойынша)
Ахметбеков Жамбыл Әужанұлы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша)
Әбдіғалиұлы Берік – Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы (келісім бойынша)
Әбенов Мұрат Абдуләмитұлы – қоғам қайраткері, «Серпін» Ұлттық білім беру және инновация палатасының төрағасы (келісім бойынша)
Әміртаев Азаматхан Сайлауұлы – «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті (келісім бойынша)
Әшімбаев Данияр Рахманұлы – қоғам қайраткері, саясаттанушы (келісім бойынша)
Байтасов Арманжан Мерекеұлы –Қазақстан Медиаодағының тең құрылтайшысы (келісім бойынша)
Бұқарбай Бақытжан – қоғам қайраткері, «Мен ояндым» акциясының қатысушысы (келісім бойынша)
Дорофеев Михаил Викторович – журналист, «Informburo.kz» мультимедиялық ақпараттық-талдау порталының бас редакторы (келісім бойынша)
Еспаева Дания Мәдиқызы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша)
Жандосов Ораз Әлиұлы – «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры (келісім бойынша)
Жолдыбайұлы Қайрат – қоғам қайраткері, дінтанушы (келісім бойынша)
Жұмалы Расул – қоғам қайраткері, саясаттанушы (келісім бойынша)
Илеуова Гүлмира Тоқшалыққызы – әлеуметтанушы, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының басшысы (келісім бойынша)
Иса Қазыбек Жарылқасынұлы – қоғам қайраткері, «Қазақ үні» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті (келісім бойынша)
Кенжеханұлы Рауан – «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры (келісім бойынша)
Қалиев Талғат Бегімұлы – «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры (келісім бойынша)
Қожахметов Асылбек Базарбайұлы – «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті (келісім бойынша)
Қожық Жәнібек – қоғам қайраткері (келісім бойынша)
Қуат Дәурен – журналист, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы (келісім бойынша)
Құттықадам Сейдахмет Рысқожаұлы – қоғам қайраткері (келісім бойынша)
Мусин Бағдат Батырбекұлы – кәсіпкер, IT-маман (келісім бойынша)
Мұқибек Ауыт – қоғам қайраткері, «Nur Otan» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты (келісім бойынша)
Мырзахметов Абылай Исабекұлы – «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы (келісім бойынша)
Нұрбек Саясат – саясаттанушы, «BTS Digital» білім беру жобаларының басшысы (келісім бойынша)
Нұров Қанат Ильяұлы – Алматы жоғары басқару мектебінің және «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының президенті (келісім бойынша)
Омарова Айман Мұратқызы – адвокат, «Құқық қорғаушылар» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы (келісім бойынша)
Орынбек Айгүл –құқық қорғаушы қайраткер (келісім бойынша)
Ошақбаев Рахым Сәкенұлы – «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі (келісім бойынша)
Рақымбеков Төлеутай Сатайұлы – «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)
Садырбай Асхат Мұратұлы — «Team Qazaqstan» жастар қозғалысының жетекшісі (келісім бойынша)
Саиров Ерлан Бияхметұлы – Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары (келісім бойынша)
Сарым Айдос Әміроллаұлы — қоғам қайраткері, саясаттанушы (келісім бойынша)
Споткай Максим Александрович – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының жетекшісі (келісім бойынша)
Тайжан Мұхтар Болатханұлы – қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты (келісім бойынша)
Тұрмағамбетова Жеміс Өтегенқызы – «Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры (келісім бойынша)
Тұрсынов Ермек Кәрімжанұлы – Қазақстан киноматографистер одағының төрағасы, режиссер (келісім бойынша)
Тілеухан Бекболат Қанайұлы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері (келісім бойынша)
Чеботарев Андрей Евгеньевич – «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры (келісім бойынша)
Шибұтов Марат Мақсұмұлы – «Транспаренси Казахстан» қоғамдық қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы (келісім бойынша)
Шораев Арман Төлегенұлы – «Қазақстан барысы» даму қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы (келісім бойынша)