Өңірімізде республикалық «Бірге — таза Қазақстан!» атты экологиялық акциясына орай сенбілік өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Атап айтқанда Байзақ ауданында таңғы сағат 9.00-де бастау алған сенбілікке аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері, сала мамандары, тұрғындар мен жастар атсалысып, жұмыла кірісті. Әрқайсысы өз мекемесіне қарасты жер учаскесін тазалап, жиналған қоқыстарды бір жерге үйіп, арнайы жүрген жүк машинасына жүктеді. Экологиялық акцияға 774 адам қамтылып, 18 техника жұмылдырылды. 64 тонна қоқыс шығарылды.
Акция барысында Астананың 10 жылдығы дендросаябағы ағаш жапырақтарынан, жабайы, қураған шөптерден тазартылды. Аудан орталығындағы Ақәділ Суханбаев атындағы балалар саябағы мен Талас өзенінің жағасы да ірілі-ұсақты қоқыс қалдықтарынан тазартылды.
Акция аясында барлық ауылдық округтерде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Еске сала кетейік, еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин «Бірге – Таза Қазақстан» атты экологиялық акция өткізу жөнінде бастама көтерген болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан #Birge #TazaQazaqstan атты экологиялық акциядан жамбылдықтар да шет қалған жоқ. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ұйытқы болуымен өңіріміздегі барлық су айдындары мен өзен-көлдерде тазалық жұмыстары жүргізілді.
Мәселен, инспекцияның ұйымшыл ұжымы Байзақ ауданына қарасты Сарыбалдақ және Юбилейная көлін қоқыстан тазартты.
Жамбыл облысы бойынша 10 мыңға жуық адам ат салысқан іс шараның нәтижесінде шамамен 20 тоннадай қоқыс жиналған.
Сенбілік облыс орталығы Тараз қаласының аумағындағы «Қарасу – 1», «Қарасу — 2», «Түйте», «Төрегелді», «Базарбай», «Үшбұлақ», «Сеңкібай», «Оңтүстік құрғату дренажды», «Тайвань», дренажды каналардың бойы, «Талас» өзені және «Ақбұлақ», «Қаратау» мөлтек аудандарындағы каналдардың жағажайларында ұйымдастырылды. Барлығы 21 нысан тазартылды.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың 27 шілдесі облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының ұжымы «Бірге-Таза-Қазақстан» экологиялық республикалық акциясы аясында сенбілікке қатысты.
Айта кету керек, Тараз қаласы бойынша жүргізілген сенбілікке 4535 адам қатысып, 47 техника жұмылдырылды. Жалпы қала аумағында 61,8 шақырым каналдардың бойы тазартылып, 258 тонна күл-қоқыс шығарылды.