Байзақ ауданында «Келешекке кемел- біліммен» тақырыбында тамыз кеңесі өтті

0 5

Байзақ ауданында жыл сайын дәстүрге айналған тамыз кеңесі  аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде «Келешекке — кемел біліммен» тақырыбында болып өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Онда жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруші ұстаздар қауымымен алда тұрған басты міндеттерді айқындайтын, негізгі мәселелер жөнінде ой түйіндеуге, білім сапасын жаңа серпіліспен бастауға бағыт беретін келелі ой-пікірлер айтылды.

Тамыз кеңесіне аудан әкімі Нұржан Нұржігітов, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жамиля Бекбатырова, аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов, аудан прокуроры Рустам Абилхаиров, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, ардагер ұстаздар, кәсіподақ ұйымының өкілдері, білім беру мен мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелердің басшылары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Тамыз кеңесіне қатысушыларды Кенен Әзірбаев атындағы саз мектебінің өнерпаздары күмбірлеген күймен қарсы алды. Алдымен мәдениет үйінің фойесінде робототехника мен аудандық білім беру жүйесінің жетістіктерін паш ететін көрме таныстырылды. Сондай-ақ, “Астана”, “Гүлсім” балабақшалары мен “Балауса” бөбекжай-бақшасының жұмыстары көрсетілді.

Пленарлық кеңестің жұмыс тәртібі бекітілген соң “Келешекке — кемел біліммен” тақырыбында аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Нұржан Нұралиев баяндама жасады.

“Жаңа оқу жылында жаңа бастамаларға жетудің мақсат — міндеттері тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы екендігін атап өтті. Сонымен қатар, мұғалім мәртебесі, өскелең ұрпақты ұлттық тәрбие дәстүрінде тәрбиелеу, жаратылыстану бағытындағы пәндерді үш тілде оқыту, ағылшын тілі пәнін оқыту, мектепке дейінгі ұйымдардың сапалы қызмет көрсету  мәселелеріне тоқталды.

Өздеріңізге белгілі бүгінгі күнге дейін жаңартылған білім беру мазмұнына 1-8 сыныптар көшсе, жаңа оқу жылынан бастап, 4,9,10 — сыныптар жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқитын болады.  Жаңартылған білім мазмұнын оқыту жағдайында білім сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстарды атқардық? Қандай жетістіктерге қол жеткізіп, нендей кемшіліктер орын алды? Осыларды саралап, жаңа оқу жылында атқарылатын мақсат — міндеттерді белгілеп алуымыз керек”, — деп сөзін бастаған Нұржан Тоқбергенұлы өткен оқу жылындағы атқарылған жұмыстарды жан-жақты талдап берді.

Атап айтқанда, ауданның білім саласына бөлініп отырған қаржы, төрт жылға арналған білім беру және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының орындалуы, мектептер мен балабақшаларға жасалып жатқан қамқорлық көлемінің жыл сайын ұлғаюы, қордаланған бірқатар өзекті мәселелердің оң шешімін табуы, спорт залы мен асхананы қажет ететін мектептердің зерделенуі, жаңадан бір мектептің пайдалануға берілетіні, үш мектепке күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілетіні, екі білім беру мекемелері мен екі балабақшадағы жылу қазандықтарын газға қосылуы, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, жалпы орта білім беру, білім сапасы, оқулықпен қамту, білім беру ұйымдарын цифрландыру, педагогикалық кадрлар, жас мамандарды жұмыспен қамту, жаңартылған білім беру мазмұнына көшу барысы, педагогтарды оқыту мен олардың біліктіліктерін арттыру, қосымша білім беру, ерекше білімді қажет ететін балалармен және әлеуметтік қорғалмаған сипаттағы балалармен жүргізілген жұмыстар, оқушыларды тасымалдау, ыстық тамақпен қамту, тәрбие беру,  мектеп формасын сақтау талаптары мен мектеп ортасында рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу контекстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жүргізілген жұмыстар, жазғы демалыс және сауықтыру барысында атқарылған ауқымды істерге жеке-жеке тоқталды. Сонымен қатар, баяндамашы білім қызметкерлерінің 2018-2019 оқу жылындағы қол жеткізген табыстарына тоқталып, келешекте түзеуді қажет ететін олқылықтарға тоқталды. Аудан, облыс, республика көлемінде өткен білім, өнер сайыстарында аудан намысын қорғап, жүлделі орындардан көрінген ұстаздар мен оқушылардың есімдерін жиналған қауымға паш етті. Білім және тәрбие беру ісінде нәтижелі еңбектің үлгісін көрсеткен мектеп ұжымдарын атады.

Ауданның бас педагогы баяндамасының соңында ел Президентінің білім саласына үлкен міндеттерді жүктеп отырғанын алға тарта отырып, осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында атқарылатын жұмыстарды атады. Жаңа оқу жылынан бастап сапалы білімге қол жеткізу мақсатында, барлық пәндерден білім сапасын 70 пайызға жеткізу, облыс әкімі мен аудан әкімі және облыстық білім басқармасы мен аудан әкімі арасындағы межені индикаторды орындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу, қосымша білім беру мекемелерінің жұмысын жандандыру, білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңартып, толықтырып отыру, IT сыныптар мен робототехника кабинеттері желісін ұлғайту, білім мекемелерін компьютерлендіру жұмыстарын жалғастыру, әдістемелік кабинет жұмысы мен мектеп директорларының оқу – тәрбие жұмысын басқарудағы жауапкершілігін күшейту, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын бақылауда ұстау, мектепке дейінгі ұйымдарда қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу, мектеп-интернат ашу, білім беру ұйымдарына абаттандыру жұмыстарын жүргізу, білім беру мекемелерін қадамдық жоспарға сай, күрделі жөндеуден өткізу және Бурыл ауылынан жаңа мектеп салу мәселесі бойынша тиісті жұмыстар атқару білім бөлімінің басты ұстанымы болмақ.

Баяндамадан кейін Сарыкемер мектеп-гимназиясының директоры Гүлмира Есентаева, Ғани Мұратбаев атындағы гимназиясы биология пәнінің мұғалімі Аяулы Исакова, “Балдырған” балабақшасының әдіскері Жансая Исаева жарыссөзге шықты.

Кеңес барысында сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жамиля Бекбатырова ұстаздарды құттықтап, облыс көлеміндегі бірқатар жетістіктерге тоқталды.  Жалпы Қазақстан Республикасындағы білім беру мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 3 индикатор мен 31 көрсеткішке қол жеткізілгенін, республикалық тамыз кеңесінде ұстаздар қауымына сегіз бірдей міндеттер жүктелгенін айтты. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың сегіз айында өңірде 15 мектепке дейінгі мекемелерге 2194 бала қамтылып, 98,6 пайызды құраған.  Жаңартылған білім беру мазмұнындағы ерекшеліктерге басымдық бере отырып, 4-сынып бойынша информатика пәні енгізілгенін, 9-сыныпта бағдарлы білім беруді аяқтау, ал, 10-сыныпта білім алушының нақты мамандануына бағыттау жүргізілетінін жеткізді. Сонымен қатар, Жамиля Елеуқызы осы жылдың мамыр айынан бері цифрландыру бағытында балаларды балабақшаға кезекке қою және 1-сыныпқа беру автоматты жүйеге көшкенін, 1 қыркүйек жексенбі күніне сәйкес келгенімен барлық білім беру мекемелерінде “Білім күні” салтанатты түрде өтетінін, 2 қыркүйек күні жаңа оқу жылы басталып, ең алғашқы сабақ “Адалдық сабағы” тақырыбына арналатынын айтты.

Ал, аудан әкімі Нұржан Нұржігітов мектептердің материалдық — техникалық базасын жақсарту, қаржыландыру жұмыстарын нақтылау, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, шағын елдімекендерде тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, мектептердің тиімділігін сараптау, қосымша білім беру бағытындағы көрсеткіштерді жақсартуға көңіл аударды. Сондай-ақ, оқу-тәрбие үрдісін дұрыс ұйымдастыру, қыздар тәрбиесі, кейбір мектеп ұстаздары арасындағы арыз-шағымдар, балабақшалар мен мектептерді азық-түлікпен қамтамасыз етуде жергілікті өнім өндірушілерге қолдау көрсету, құқықтық сауаттылықты жандандыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес сынды келелі мәселелерге тоқталды. Кейбір өзекті мәселелерге қатысты білім бөлімі басшылығы мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан соң шәкірттерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс жасап, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген ұстаздар мен ардагер ұстаздардың бір тобына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім беру басқармасы мен аудан әкімінің Құрмет грамоталары, Грамоталары және Алғыс хаттары табыс етілді. Сондай-ақ, білім беру саласының ардагер ұстаздары да тиісті марапаттарға ие болды.

Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірт шығатыны белгілі. Себебі ұстаз қаншалықты қабілетті болса, оқушы да соншалықты талапты болмақ.

Кеңес жұмысын аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Нұржан Нұралиев қорытындылаған соң, тамыз кеңесінің ұсынымдары қабылданды.

 

 

 

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.