Жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес — бас имам

0 10

Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес, жалғыз имам оқыса да жеткілікті. Бұл туралы бүгін «ӨКҚ» алңында өткен брифингте ҚМД басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев айтты, — деп жазады «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Бүгінде COVID-19 коронавирус індетінен халықты аман сақтап қалу үшін еліміздің барлық аймақтарында карантин жарияланды. Алайда жаназа намазы мен Құдайы астарды көпшілікпен өткізу және оған қатысу әлі де толастар емес. Шариғатымызда қабыл болатын ең жақсы амалдың бірі – өзге адамның сыртынан дұға жасау. Сондықтан қазіргідей жағдайда үйде отырып, қашықтан артының жақсылығын сұрап, дұға жасау және Құран бағыштау – дінімізде құпталған сауап амалдардың қатарына жатады.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің барша азаматтарына марқұмдарға арналған Құдайы астарды өткізуге қатысты келесідей ережені сақтауға шақырады:

1. Кісі қайтқанда және жерлеу рәсімінен кейін дастархан жаюды тоқтатуға;

2. Марқұмға арналған жеті күндік, қырқы, жүз күндік және жылдық астарды, сонымен қатар әр апта сайын бейсенбілік дастарханды еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін өткізбеуге;

3. Мұндай азалы күндері кісі жинамауға, оған тек өз отбасы мүшелерімен шектелуге.

Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес, жалғыз имам оқыса да жеткілікті. Алайда жаназаны үш қатар болып оқыған абзал. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Үш қатар жамағатпен жаназа намазы оқылған мұсылман мәйіттің күнәсі кешіріледі», – деген. Үш қатар жеті адаммен де құрылады, яғни ең алдында имам, үшеуі бірінші қатарда, екеуі екінші қатарда және біреуі артында тұрады.

Сонымен қатар, жаназа намазын арнайы орындарда өткізген дұрыс. Жолда, қоғамдық орындарда жаназа намазын оқу – мәкруһ.

Әрбір адам өз өмірі мен денсаулығын сақтауы – парыз. Сондықтан пандемия кезінде жаназа намазы мен жерлеуге қатысты төмендегі шараларды орындауы қажет:

1. Мәйітті жууды, кебіндеуді, жаназа намазын оқуды және қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізу;

2. Жаназа намазын жолда, халық көп жиналатын жерде, қоғамдық орындарда өткізбеу;

3. Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмау;

4. Зейнет жасындағы кісілерге, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдарға және мектеп жасындағы балаларға жаназа намазына қатыспау;

5. Жаназа намазын ұзағымен 5 минут ішінде өткізу, мәйітті жерлеп болғаннан кейін халықты көп ұстамай лезде қайтару;

6. Жаназа намазына, жерлеу ісіне қатысатын адамдар міндетті түрде бетперде тағу, қол алысып амандаспау.

Індет жұқтырған адамдардың саны көбейіп тұр, қаза тапқандар да аз емес. «Сақтансаң – сақтаймын» демекші, әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлылық таныту – өзіміз үшін ғана емес, айналамыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері хақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.