Ауданның белсенді азаматтары мен жомарт жандарының демеушілігімен 21 оттегі концентраты аудандық ауруханаға және ауылдардағы дәрігерлік нысандарға таратылып берілді, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Биыл да коронавирус кеселімен күрес әлі тоқтаған жоқ. Талас аудандық орталық ауруханасында провизорлық төсек қоры 40 адамға шақталса, аурудың көбеюі орын алған жағдайда қосымша 60 төсек қорымен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі бар.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Есмахан Имаммырзаевтың айтуынша, дәрі-дәрмектерді сараптау барысында шамамен 2 ай мерзімге жеткілікті қор қалыптастырылған. Орталық ауруханаға 8 жасанды өкпе аппараты, 24 оттегі концентраты, 40 кислородтық баллон қойылып, қосымша 50 баллон сатып алу туралы өтінім порталға берілген. Сондай-ақ контактісіз дене қызуын өлшейтін 31 құрал дайындалған.
Ауруханада бүгінде 4 өкпені қолдан тыныстандыру аппараты жұмыс істейді. Сондай-ақ оттегі жүйесі барлық бөлімшелерде қамтылған.
Осы жерде айта атап өту керек, ауданның белсенді азаматтары мен жомарт жандардың демеушілігімен 21 оттегі концентраты аудандық ауруханаға және ауылдардағы дәрігерлік нысандарға таратылып берілді.
Сонымен қатар өткен жылы демеушілер есебінен пандемияның қиын кезеңінде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пен қажетті дәрі-дәрмек түрлері бойынша 12 миллион теңге көмек көрсетілген.