Мектеп-гимназияда оқу-жаттығулары ұйымдастырылды

0 29

Қордай ауданындағы Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясында төтенше жағдайға байланысты балаларды эвакуациялау бойынша ауқымды оқу-жаттығулары өтті, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі «Ұлы дала ұстазы» халықаралық журналына сілтеме жасап.

Алдын ала дайындалған іс-шара сценариіне сәйкес мектеп ғимаратынан өрт дерегі орын алып, дабыл қаққыш жүйесі іске қосылған.

…Төтенше жағдай орын ала қалған сәтте кезекші директордың кабинетіне шұғыл жетіп, өрттің шыққаны жайлы хабарлайды. Мекеме басшысы өз кезегінде мектептен балаларды шығару жөнінде тапсырма береді. Осы сәтте сирена қосылып, арнайы қызметтерге хабар беріледі. Дабылды естіген мектеп оқушылары мұғалімдер және мектеп әкімшілігінің бақылауымен ұйымдасқан түрде ғимараттың ашық алаңқайына шығып, сапқа тұрды. Мұғалімдер мен сынып жетекшілері оқушыларын тексерді. Арада аз уақыт өткенде оқиға орнына өрт сөндіру қызметінің машинасы келді. Қорғаныс костюмдерін киген өрт сөндірушілер құбыршектерді шығарып, өртті сөндірді. Оқиға сәтті аяқталды. Стадиондағы мұғалімдер кезек-кезек директорға сыныптарындағы жағдайдың жақсы екенін баяндап, осымен жаттығу аяқталды.

— Мұндай жаттығулар қауіпті жағдай орын алған жағдайда балалар мен мұғалімдер тиісті әрекетті нақты білулері үшін өткізіледі. Дәл осындай оқу-жаттығуларды ТЖ өкілдері тұрақты түрде өткізіп тұрады. Бастысы балаларымыздың қауіпсіздігі, — дейді мектеп директоры Суджат Сарғасқаева.

Өз кезегінде аудандық ТЖ бөлімінің басшысы Қанат Иманқұлов мұндай жаттығулар әлі де жалғасатынын алға тартты.

— Бүгінгі іс-шара бірінші жаттығу. Мұндай шараларды өткізу бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың нақты тапсырмасы бар. Келесі жаттығуларды Абай атындағы №3 орта мектебінде өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, терроризмге қарсы жаттығуларды да өткізу көзделген. Ол кезде лаңкестік шабуыл жасалған жағдайда балаларды эвакуациялау бойынша бірқатар шаралар реті пысықталады, — дейді бөлім басшысы.

Жаттығу аяқталғаннан кейін өртке қарсы қызмет мамандары балаларға өрт сөндіру машинасын, газқағар, өрт сөндіруге арналған құрылғыларын көрсетті. Осы ретте, ТЖ бөлімінің қызметкерлері балаларға өрт шыққан жағдайда қайда қоңырау шалып, өрт сөндірушілер келгенше не істеу керектігін түсіндірді. 

Leave A Reply

Your email address will not be published.